СҚО-да «Халық Кеңесі» атты жаңа жастар қозғалығын құру мәселесі талқыланды

Қазақстанда жастардың бастамаларын Қазақстан Халық Кеңесінің қызметімен ұштастыратын жаңа жастар бірлестігі құрылмақ. Алғашқы кезеңде қозғалыс құрамына еліміздің барлық өңірінен 126 өкілді тарту жоспарланып отыр. Олар Кеңес мүшелерінің серіктестері ретінде қоғамдық жобаларға қатысып, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынатын болады. Бұл бастама Петропавлда Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» атты республикалық жастар лагерінде талқыланды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кездесуде жас ұрпақтың ел өміріндегі орны қандай болуы керектігі сөз болды. Яғни жастар өзгерістерді сырттай бақылап, аға буынның шешімдерін күтумен немесе әлеуметтік желіде пікір білдірумен шектелмей, қоғамдық процестерге белсенді араласып, жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Басқосудың негізгі тақырыптарының бірі де осы болды.

Лагерь қатысушыларына үн қатқан Ерлан Қошанов ауқымды мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыру үшін қоғамның бірлігі мен ынтымағы қажет екенін атап өтті. Бұл үдерісте жастарға ерекше рөл жүктеледі. Өйткені жаңа экономикалық және қоғамдық жағдайларда өмір сүріп, еңбек ететін де – бүгінгі жас буын.
«Президенттің Жолдауы елді терең жаңғыртуға, бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның күш біріктіруі қажет. Ал бұл ретте жастарға айрықша рөл жүктеледі», – деді Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануымен мемлекеттің дамуында жаңа кезең басталды. Ата заң экономикалық өсімге, адами капиталды дамытуға және жас қазақстандықтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасайды. Мемлекет басшысының референдумнан кейінгі алғашқы кездесуін жастармен өткізуі де кездейсоқ емес.
Жаңа ұрпақтың алдында ашылып отырған мүмкіндіктер туралы айтқан Ерлан Қошанов экономикалық және білім беру саласындағы көрсеткіштерді мысалға келтірді. Соңғы жеті жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 50 пайыздан астам өсіп, 15 мың доллардан асты. 3,6 миллион жұмыс орны ашылып, 650 мыңнан астам білім гранты бөлінді. Студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе, докторанттардың шәкіртақысы үш еседен астам көбейді. Сонымен қатар елімізде 267 жаңа студенттік жатақхана пайдалануға берілді.

Жастар әлеуетін дамытудың табысты үлгілері Солтүстік Қазақстан облысында да бар. Соның бірі – Kozybayev University мен Аризона университетінің бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасы. Биыл шілде айында алғашқы 30 түлек қос жоғары оқу орнының дипломын алды. Олардың қатарында америкалық университеттің «Жылдың үздік түлегі» атағына ие болған Әмір Әзғамов та бар.
Ерлан Қошановтың пікірінше, мұндай мысалдар заманауи патриотизмнің құр сөзбен шектелмейтінін көрсетеді. Ол білімге ұмтылудан, кәсіби өсуден, озық технологияларды меңгеруден және қоғамның дамуына нақты үлес қосудан көрінеді. Сонымен қатар жастар ұлттық болмысын сақтап, тілдерді үйреніп, заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Қазақстанның мәдениетін әлемге танытуы маңызды.
Лагерь қатысушылары да жастарды қоғамдық өмірге тарту жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова әділдікке, заңдылыққа және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке негізделген белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.
«Бүгінде цифрлық технологиялар қоғамдық бақылауды күшейтуге, ашықтықты арттыруға және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге қосымша мүмкіндік береді. Жастар бұл үдерістен шет қалмай, аталған құралдарды белсенді пайдалануы керек», – деді Найла Мұхтарова.
Kozybayev University басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген жауапты көшбасшылық тақырыбын көтерді. Оның пікірінше, жас басшылар өз бетінше шешім қабылдауды, командамен жұмыс істеуді және нәтижеге жауап беруді үйренуі қажет. Сонымен қатар көшбасшылық танымал болуға ұмтылумен шектелмеуі тиіс. Ең маңыздысы – нақты іс пен бастаған жұмысты соңына дейін жеткізе білу. Мұндай ұстаным Мемлекет басшысы дәріптеп жүрген «Адал азамат» құндылықтарына сай келеді.

Кездесудің негізгі қорытындыларының бірі – «Халық Кеңесі» жастар қозғалысын құру туралы ұсыныс болды. Ерлан Қошанов бұл бастаманы қолдап, жаңа бірлестік жиналыс пен есеп үшін ғана жұмыс істейтін формалды құрылымға айналмауы керектігін атап өтті. Оның басты міндеті – жастардың идеяларына қолдау көрсетіп, оларды нақты іске асыруға мүмкіндік беретін алаң қалыптастыру.
Алғашқы кезеңде қозғалыс Қазақстанның барлық өңірінен 126 жасты біріктіреді. Бұл – Халық Кеңесі мүшелерінің санына сәйкес белгіленген көрсеткіш. Жоспар бойынша Кеңестің әрбір мүшесі бір жас серіктеспен байланыс орнатады. Мұнда тәлімгерліктің өзгеше үлгісі қарастырылған: аға буын өз тәжірибесімен бөліссе, жастар оларды жаңа технологиялармен, цифрлық ортамен және өз буынының өзекті сұраныстарымен таныстырады.
«Жастар саясаты жастар үшін емес, жастармен бірге жүзеге асырылуы керек», – деп Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының сөзін еске салды.
Жаңа қозғалыстың басым бағыттарының бірі – оқымайтын және жұмыс істемейтін жастарға қолдау көрсету, оларды кәсіби оқыту мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Атап айтқанда, Астанада табысты жүзеге асырылып жатқан JOLTAP жобасын еліміздің басқа өңірлеріне тарату мүмкіндігі қарастырылуда.
Сонымен қатар цифрлық құзыреттерді дамытуға, дарынды оқушыларды қолдауға және тәлімгерлік жүйесін қалыптастыруға басымдық беріледі. Күн тәртібінде нашақорлықтың, ойынға тәуелділіктің және интернет-алаяқтықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, волонтерлік қызмет, экологиялық жобалар мен кітап оқуды насихаттау мәселелері де бар.
Бұл ретте қозғалыс жұмысының басты өлшемі нақты нәтиже болуы тиіс. Ерлан Қошанов оның құрылуы форумдар, съездер мен түрлі іс-шараларды есеп үшін өткізумен шектелмеуі керектігін ерекше атап өтті. Жастардың бастамалары халыққа нақты пайда әкелуі қажет.
Маңызды ұсыныстарды ілгерілетудің қосымша тетігі ретінде Қазақстан Халық Кеңесіне берілген заң шығару бастамасы құқығы қарастырылған. Бұл жастар белсенділерінің сараптамадан өткен ұсыныстары заңнамалық деңгейде жалғасын табуы мүмкін деген сөз.
Цифрлық дамудың практикалық мүмкіндіктері лагерь қатысушыларына «Digital Aimaq» көрмесінде таныстырылды. Кеңес мүшелері СҚО-да тек Петропавлда ғана емес, ауылдық жерлерде де жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Қазіргі уақытта облыстың аудандық және ауылдық деңгейлерінде 14 креативті IT-орталық жұмыс істейді.
Сапар аясында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері СҚО қоғамдық ұйымдары мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен де кездесті. Сонымен қатар «Мағжан орталығына», «Ботай» ескерткішіне барып, еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылындағы жетістіктерге арналған экспозицияны тамашалады.
Жастар лагерінің жұмысына Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Ләззат Шыңғысбаева, Жандос Ақтаев, Найла Мұхтарова, Ақнұр Тұрдалиева, Ислам Байрамуков, Руфина Усанова, Геннадий Зенченко, Ирина Эктова және Сәуле Мәлікова қатысты. Қонақтар қатарында Құрылтай депутаты Ақерке Искандерова, ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы Ринат Зайыт, Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдіев және JOLTAP жобасының жетекшісі Дана Жүнісова болды.
