Петропавловск
+21°C
Главная страница » ҚР Президентінің Жолдауы » Айбол Қасым: «Жас өнерпаздар тәжірибе жинап, білікті әріптестерінен тәлім алып, үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік алса, болашағын Солтүстік Қазақстанмен байланыстыруға деген құлшынысы артады»

Айбол Қасым: «Жас өнерпаздар тәжірибе жинап, білікті әріптестерінен тәлім алып, үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік алса, болашағын Солтүстік Қазақстанмен байланыстыруға деген құлшынысы артады»

November 7, 2026 14:29

Инфрақұрылымды дамыту дегеніміз – тек жол, мектеп пен аурухана салу ғана емес, сонымен қатар адамдардың шығармашылық қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасау. Әсіресе, мұндай мүмкіндіктердің жас ұрпақ үшін қолжетімді болуы маңызды. Бұл туралы облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Айбол Қасым атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында құрылыс саласын дамытуға қатысты ауқымды жоспарларды айқындады. Алдағы жылдары өнеркәсіп пен энергетикадан бастап, білім беру, спорт және мәдениет салаларына дейін түрлі бағытта жаңа нысандар бой көтермек. Президент заманауи инфрақұрылым қалалар мен ауылдардың келбетін өзгертіп қана қоймай, экономикалық өсім мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болуы тиіс екенін атап өтті.

Солтүстік Қазақстан облысы үшін бұл міндеттің мәдени қыры да ерекше. Өңірде қолданыстағы өнер мекемелерін сақтап қана қоймай, жаңа шығармашылық жобаларға жол ашу маңызды. Осы орайда Айбол Қасым жастарға арналған жеке театр ашу бастамасын перспективалы деп санайды.

Оның пікірінше, мұндай өнер ордасы жас актерлердің, режиссерлердің және өзге де шығармашылық мамандардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар театр репертуарын кеңейтіп, көрермендерге сахна өнерінің жаңа бағыттары мен тың форматтарын ұсынуға жол ашар еді.

«Жастар туған өңірінде болашағы бар екенін сезінуі керек. Жас өнерпаздар еңбек етіп, өздерін сынап, тәжірибелі әріптестерінен үйреніп, үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік алса, болашағын Солтүстік Қазақстанмен байланыстыруға деген құлшынысы артады. Жастарымыз үшін осындай мүмкіндіктер мен кәсіби өсу алаңдары көп болса екен дейміз», – деді Айбол Қасым.

Халықтың сұранысы артып отырған қазіргі кезеңде мәдени инфрақұрылымды дамыту мәселесі де өзекті. Жаңа мекемелер тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ғана емес, шығармашыл жастардың басын қосатын, пікір алмасып, тәжірибе жинақтайтын орталықтарға айналуға мүмкіндік береді.

Жалпы, республика бойынша білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысан салу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар қазақстандықтардың білім алуына, спортпен шұғылдануына және мәдени өмірге белсенді араласуына жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Shares