«Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру СҚО инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға мүмкіндік береді», – Нұрлан Кеңесов

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық желілерді жаңғырту және көлік қатынасын жақсарту – Солтүстік Қазақстан облысындағы алдағы жұмыстың негізгі бағыттары. Өңір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерді қалай жүзеге асырып жатқаны туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің өңір активімен кездесуінде әкімнің орынбасары Нұрлан Кеңесов айтып берді. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
«Жаңа тарихи дәуірдегі Қазақстанның жаңа міндеттері» атты Жолдаудың басты басымдықтарының бірі – халықтың қажеттіліктеріне сай келетін заманауи инфрақұрылым қалыптастыру. Өңірде бұл бағыттағы жұмыс медициналық және білім беру мекемелерін, спорт нысандарын салуды, сондай-ақ тұрғын үй құрылысын дамытуды қамтиды.
Мәселен, Петропавлда құны 6 млрд теңге болатын жедел медициналық жәрдем станциясы салынып жатыр. Нысан жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсетуге есептелген. Мұнда оқу орталығы мен санитарлық көліктерге арналған жөндеу базасы да қарастырылған. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Ал Айыртау ауданында құны 9,8 млрд теңге болатын аурухана мен емхана кешенінің жобасы әзірленуде.
Білім беру саласында келесі жылы Қызылжар ауданының Белое ауылында 120 орындық мектеп құрылысын аяқтау көзделген. Сонымен қатар Петропавлда, Смирново, Новоишим және Қарақоға елді мекендерінде жалпы сыйымдылығы 1900 орын болатын тағы төрт мектеп салу жоспарланған.
Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Облыс орталығында құны 22 млрд теңге болатын көпфункционалды мұз кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, 30 млрд теңгеге әмбебап спорт аренасын салу жобасы пысықталуда. Сондай-ақ 5 мың орындық футбол академиясының жобасы әзірленіп жатыр. Аудандарда стадиондар, спорт залдары мен демалыс орталықтарын салу және қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда.
Тағы бір маңызды бағыт – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. 2026 жылы өңірде 340 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 215 мың шаршы метрі Петропавлға тиесілі. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға пәтер сатып алу үшін 215 баспанаға 4,2 млрд теңге бөлінді. Ал 2027–2028 жылдары тағы 230 пәтер сатып алуға 4,7 млрд теңге қарастырылған.
«Аталған нысандардың барлығында құрылыс мерзімін сақтау, жұмыс сапасын қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымның дайындығы басты назарда болады. Жобалау жұмыстарының созылып кетуіне және құрылыс құнының негізсіз қымбаттауына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінеді», – деп атап өтті Нұрлан Кеңесов.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да ауқымды жұмыстар атқарылмақ. 2029 жылға дейін облыста 104 шақырым жылу, 3850 шақырым электр, 67 шақырым су құбыры және 80 шақырым кәріз желілерін жаңғырту жоспарланған. Бұл мақсаттарға 248 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр. Петропавл үшін жылу желілерін жаңарту және №2 жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.
Стратегиялық міндеттердің қатарында өңірді газдандыру да бар. Есептеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай облыстың табиғи газға деген жылдық қажеттілігі 302,3 млн текше метрді құрайды. Жобаны жүзеге асыру халықтың тұрмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға да қосымша мүмкіндік береді.
Президент Жолдауында көлік инфрақұрылымына да айрықша назар аударылған. Соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 2,1 мың шақырым автомобиль жолы жөнделді. Биыл жөндеу жұмыстары 724 шақырымнан астам жолды қамтыды. Жол желісін дамытуға 79 млрд теңге бағытталды. 2029 жылға қарай жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Өңірге тікелей қатысты тапсырмалардың бірі – Көкшетау – Петропавл тасжолын кеңейту. Тағы бір ірі жоба – облыс орталығының айналма жолын қайта жаңғыртып, Есіл өзені арқылы жаңа көпір салу. Жобаны белсенді жүзеге асыру 2027 жылы басталады. Оған шамамен 10 млрд теңге инвестиция салу көзделген. Бұл транзиттік көліктердің бір бөлігін қала сыртына шығаруға және көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Көлік-логистикалық әлеуетті арттыру жұмыстары «Қызыл-Жар» әуежайымен де байланысты. Оның аумағында 222 гектар жерді қамтитын «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Қазір теміржол тұйық жолын салу және ұшу-қону жолағын 3500 метрге дейін ұзарту арқылы қайта жаңғырту мәселелері пысықталуда. Сонымен қатар 2027 жылдың соңына дейін Ресеймен шекарадағы төрт автомобиль өткізу пунктін қайта жаңғырту жоспарланған. Жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 50 млрд теңгеден асады.
«Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру Солтүстік Қазақстан облысының инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға және өңірдің одан әрі дамуына берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Маған бекітілген бағыттар бойынша жұмыстар мерзімнің сақталуын, сапаны және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын тұрақты бақылау арқылы жалғасын табады», – деді облыс әкімінің орынбасары.
