Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да білім, спорт және денсаулық сақтау саласын дамытуға қанша бюджет қаражаты жұмсалады

СҚО-да білім, спорт және денсаулық сақтау саласын дамытуға қанша бюджет қаражаты жұмсалады

Жергілікті атқарушы органдар қазір білім беру саласына ерекше көңіл бөлуде. Бүкіл Солтүстік Қазақстан облысын қаржыландырудың үштен бірі биыл осы салаға бағытталды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Қомақты қаржыландырудың арқасында 4,4 млрд теңгеге материалдық-техникалық базаны жаңартуға мүмкіндік туды: мектептер үшін 55 пәндік кабинет сатып алынды, 29 мектеп автобусы сатып алынды. 48 нысанда күрделі жөндеу жүргізіліп, 4,3 млрд теңге жұмсалды.

“Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен “Береке” шағын ауданында 50 орындық интернаты бар 300 орындық түзету мектебінің құрылысы жүргізілуде. Нысанның дайындығы – 50%. Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін Новоишим және Смирново ауылдарында 900 орындық 2 ауылдық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. 3 жыл ішінде “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы аясында 2700 орындық 4 мектеп саламыз”, деп атап өтті облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Өңір басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту туралы да айтты. Биылғы жылы саланы қаржыландыру 50%-ға өсті.

“Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық мекеме салу жоспарланған.

“Оның ішінде 8 нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – 5 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункт. Келесі жылы қалған 38 нысанның құрылысы басталады. 2024 жылдың 1 тоқсанында МЖӘ аясында 480 төсек-орындық көпбейінді облыстық аурухана құрылысын қайта бастау жоспарлануда”, – дейді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Өңір үшін тағы бір басты міндет – балалар мен бұқаралық спортты дамыту. Бүгінгі таңда облыс халқының 41%-ы спортпен шұғылданады, 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

“Ол үшін халықтың барлық топтарына қажетті жағдай жасаймыз, спорттық инфрақұрылымды дамытамыз. Бүгінгі таңда 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 4 жабық хоккей корты және Кішкенекөл ауылында жаттығу залы бар жабық жүзу бассейнінің құрылысы жүргізілуде. Облыстық спорт мектеп-интернаты-олимпиадалық резерв колледжі үшін 244 орындық жатақхананың құрылысы аяқталу сатысында тұр”,- деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Петропавлда “Қарасай” стадионын қайта құрудың 1 кезеңі өткізілді, келесі жылы 2-ші кезең жоспарланып отыр. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдардың жоспарында облыс орталығында үстел теннисі орталығы мен мұз сарайын салу бар.

 

Shares