Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » Уәлиханов ауданындағы «Жолдасбай-Агро» ШҚ дәнді дақылдарды жинауды аяқтады

Уәлиханов ауданындағы «Жолдасбай-Агро» ШҚ дәнді дақылдарды жинауды аяқтады

September 15, 2026 15:59

СҚО Уәлиханов ауданындағы «Жолдасбай-Агро» шаруа қожалығы дәнді дақылдарды жинау науқанын аяқтады. Өсімдік шаруашылығына маманданған қожалық биыл егіс алқаптарына 10 мың гектардан астам жер бөлген. Оның басым бөлігін майлы дақылдар алып жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Шаруашылықта орақ науқаны тамыз айының басында басталған. Дәнді дақылдар толығымен жиналып, әр гектардан орта есеппен 16 центнер өнім алынған. Қазір техника рапс пен зығыр алқаптарында жұмыс істеп жатыр. Күн сайын егістік жұмыстарына 10-нан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.

Мамандардың айтуынша, нәтижеге дақылдарды өсіру технологиясының сақталуы мен минералды тыңайтқыштардың қолданылуы оң әсер еткен. Әсіресе бұл агротехникалық шара рапс үшін маңызды болған. Қуаңшылыққа қарамастан, дақыл жақсы тамыр жүйесін қалыптастырған.

«Биыл тыңайтқыш пен жанар-жағармай қолдандық. Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы бізге көмектесіп жатыр. Тыңайтқыштар ең алдымен рапсқа қажет. Оларды алқапқа енгіздік. Соның арқасында рапс жақсы өсіп, тамыр жүйесі күшейді. Сондықтан биылғы қуаңшылыққа төтеп бере алды. Дәнді дақылдарды толық жинап алдық. Қазір тек майлы дақылдар қалды. Сапасы жақсы, клейковинасы талапқа сай. Өнімнің сапасы – үшінші класс», – деді «Жолдасбай-Агро» ШҚ бас агрономы Аян Жолдыбаев.

Шаруашылықта машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұл орақ науқаны кезінде егістік жұмыстарын белгіленген қарқынмен жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда науқанды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Өсімдік шаруашылығымен қатар, «Жолдасбай-Агро» ШҚ-да ет және сүт бағыттары да дамып келеді. Қожалықта 140-тан астам адам еңбек етеді.

Shares