СҚО тұрғыны түйеқұс, тауыс және сирек кездесетін құстарды өсіреді

Қарапайым ауыл ауласында түйеқұсты кездестіру сирек, ал тауыстарды көргенде, көз алдыңа алыстағы оңтүстік елдер елестейді. Алайда Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының Москворецкое ауылында тұратын Татьяна Ильина үшін бұл журналдағы сурет емес, күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған. Кәдімгі үй жануарларының арасында түрлі-түсті тауыстардан бастап, ерекше қытай тауықтарына дейінгі сан алуан құс мекендейді. Кезінде айналасындағылар оның ойын орындалмас арман санаған. Бірақ Татьяна тәуекел етіп, байқап көруге бел буған. Бүгінде оның ауласы өз қолымен жасалған нағыз шағын құстар әлеміне айналды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Барлығы ауыл шаруашылығында жиі кездесе бермейтін құстарды өсіруге деген қарапайым ықыластан басталған. Уақыт өте келе қызығушылығы артып, құстардың түрі де көбейе түсті. Қазір Татьяна ауласында тауыстар, қырғауылдар, түрлі түсті мысыр тауығы, бөденелер, қытайдың жібек тауықтары және еті, терісі мен сүйектері қара түсті болып келетін ерекше лакеданзи құстары бар.
Әсіресе, тауыстар көз тартады. Шаруашылықта екі аталық және бір аналықтан тұратын үш жас құс бар. Әзірге олар өсіп келеді. Татьяна олардың тіршілігін қызығушылықпен бақылап, аталықтарының құйрық қауырсындарын жайып, бар сұлулығын көрсететін күнді асыға күтеді. Мұнда қырғауылдар мен үш түрлі түсті мысыр тауығы да бар. Ал қожайынның ерекше мақтанышы – жұмсақ әрі өзгеше қауырсындарымен ерекшеленетін қытайдың жібек тауықтары. Лакеданзи құстары үй құстарын бұрыннан білетін адамдардың өзін таңғалдырады. Олардың қауырсындары ғана емес, терісі мен еті де қара түсті. Шаруашылықта бөденелер де өсіріледі. Кішкентай болғанымен, бұл құстар да ерекше күтім мен қолайлы жағдайды қажет етеді.

Татьяна үшін әрбір құс – ауладағы жай ғана кезекті тіршілік иесі емес. Әр түрдің өз күтімі бар. Сондықтан үнемі үйреніп, бақылап отыруға тура келеді. Қора-жайдың тазалығын сақтау, төсенішті уақытында ауыстыру, құстарды сумен және жеммен қамтамасыз ету, олардың мінез-құлқындағы болмашы өзгерістерді де байқап отыру маңызды. Қожайын біртіндеп қанаттыларының мінезін зерттеп, әдеттеріне үйреніп, оларға жайлы жағдай жасауға тырысады. Мұнда ерекше құсты бір рет сатып алып, оған сүйсініп қараумен шектелуге болмайды. Әрбір құстың артында күнделікті жауапкершілік тұр.
Ауладағы ең ерекше тіршілік иелері – түйеқұстар. Татьяна бірден үш балапан сатып алып, әрқайсысына 150 мың теңгеден төлеген. Өкінішке қарай, балапандардың бірін аман алып қалу мүмкін болмады. Ол аяғының буын тұсынан жарақат алып, өліп қалған. Бұл жағдай қожайын үшін ауыр соққы болды. Қазір аулада екі құс қалды. Олар көз алдында өсіп келеді. Аталығының бойы Татьянаның өзінен де асып кеткен. Жақында ғана кішкентай балапан болған құстарға енді мүлде басқа күтім мен кеңірек орын қажет.
Түйеқұс өсірудің өзі бір бөлек ғылым болып шықты. Олардың рационында құрама жем, қырыққабат, қияр және бақбақ жапырақтарын қоса алғанда, түрлі көк шөп бар. Суық түскен кезде азыққа дәрумендер, трикальций, ет-сүйек және балық ұны қосылады. Құстардың тұратын орны да ерекше назарды қажет етеді. Қораны таза ұстау, үнемі тазалау, сабан төсенішін ауыстыру және құстардың жарақат алмауын қадағалау керек.

«Олармен үнемі айналысу қажет. Бұл аулаға жай ғана шығарып қойып, ұмытып кететін құстар емес. Күн сайын жағдайларын қарап, жемін беріп, суын ішкізіп, қорасын тазалау керек. Олар тез өседі, өздеріне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан бәріне бейімделуге тура келеді», – дейді Татьяна.
Қожайынды алдағы қыс ерекше алаңдатады. Түйеқұстар Солтүстік Қазақстанның климатында алғаш рет қыстайды. Құстар тоңбас үшін отбасы қораны жылытып, бұл жұмысқа шамамен 1,3 миллион теңге жұмсаған. Татьяна алдын ала дайындалудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Алда аязды күндер тұр. Мұндай ерекше құстардың денсаулығын сақтау оңай міндет емес.
«Осындай құстарды өсіргім келетінін алғаш айтқанда, маған бұл орындалмайтын арман деп жауап берді. Ал мен байқап көргім келді. Әрине, мұның бәрі ақша, күш пен уақытты талап етеді. Кейде оңай болмайды. Бірақ олардың өсіп, саған үйреніп келе жатқанын көргенде, не үшін еңбектеніп жүргеніңді түсінесің», – дейді әйел.
Түйеқұстар мен сәндік құстар – үлкен шаруашылықтың бір бөлігі ғана. Отбасында он сауын сиыр бар. Алдағы екі жылда мал басын 17-ге жеткізу жоспарланған. Таңертең ерте басталған тірлік кешке дейін жалғасады. Ірі қараны күтіп-баптау, құстарға қарау, үй шаруасы мен балалардың қамы бар. Оның үстіне, Татьяна қоғамдық тамақтандыру мекемесінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Негізгі жұмысынан кейін оны өз ауласындағы тағы бір жұмыс ауысымы күтеді. Алайда әйелдің айтуынша, дәл осы іс оған ерекше қуаныш сыйлайды.
Ерекше шаруашылық құру жолы оңай болған жоқ. Бір кездері Татьяна құс өсіруді жай қызығушылық ретінде ғана емес, отбасылық кәсіптің жеке бағыты ретінде дамытуды ұйғарды. Осы мақсатта екі қолданыста болған өнеркәсіптік инкубатор сатып алып, оған шамамен 500 мың теңге жұмсады. Кейін жұмыртқа сатып алды. Оның үстіне, миллион теңгеден астам қарызға алған. Әйел кәсіпті бастауға және біртіндеп жұмсалған қаражатты қайтаруға көмектесетін қолдауға үміт артты. Алайда күткен көмегі жүзеге аспады.

Қарызды өтеу үшін отбасы өз бетінше жол іздеуге мәжбүр болды. Балапандарды, бұзаулар мен қаздарды сатуға тура келді. Күш пен үміт артқан дүниелерден бас тарту оңай болған жоқ. Бірақ Татьяна сүйікті ісінен бас тартпады. Құстарды өсіруді жалғастырып, қора-жайды ретке келтіріп, шаруашылықты дамытуға мүмкіндік іздеді.
Қиын кезеңде қолдау көрсетуге дайын адамдар табылды. Татьяна депутат Алексей Кашин мен Москворецкое ауылдық округінің әкімі Татьяна Домашенкоға алғысын білдіреді. Мұндай қолдау уақыт пен шыдамдылықты ғана емес, тұрақты қаржылық салымды қажет ететін кәсіп үшін аса маңызды.
Біртіндеп шаруашылық бүкіл отбасының ортақ ісіне айналды. Балалар құстарды тамақтандыруға, жануарларды күтуге және тазалықты сақтауға көмектеседі. Олар ауладағы тіршілік иелерін жақсы біледі, олардың әдеттеріне үйренген және құстарға таңсық нәрсе ретінде қарамайды. Бірде түйеқұстардың бірі қоршаудан шығып кеткен. Бұл жағдай нағыз қуғынға ұласуы мүмкін еді. Алайда көмекке 15 жастағы Нелли есімді қызы келді. Құс қызды танып, оның соңынан еріп, қоршауға қарай сабырмен жүре берген. Отбасы бұл оқиғаны әлі күнге дейін күлімсіреп еске алады.
Татьяна жеті баланы тәрбиелеп отыр. Оның алты қызы және жасы алтыда болатын кенже ұлы бар. Үлкен қызы 33 жаста. Ана еңбегі үшін әйел «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған. Осындай үлкен отбасы мен күнделікті күйбең тірлікке қарамастан, ол сүйікті ісіне уақыт табады. Сонымен қатар балалардың да шаруашылыққа араласқанын қалайды. Өйткені жануарларға қамқорлық жасау – бір реттік көмек емес, жауапкершілік екенін түсінгені маңызды.
«Құстарға ұзақ уақыт күтім жасаған соң, әрқайсысына үйреніп кетесің. Қайсысының өзін қалай ұстайтынын білесің, бір нәрсе дұрыс болмаса, бірден байқайсың. Олар өзіңе жақын болып кетеді. Балаларыма да жануарларға ұқыпты қарау керектігін түсіндіремін. Өйткені олар адамға толықтай тәуелді», – дейді Татьяна.
Қол жеткізген жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Алдағы жоспары – ақ тауыстар мен қара аққуларды әкелу. Уақыт өте келе ауылдың көркін ашатын, табиғат сүйер қауым келіп тамашалайтын нағыз құстар бұрышын құруды армандайды. Әзірге басты міндет – түйеқұстармен алғашқы қысты аман өткізу, құстарды сақтап қалу және шаруашылықты одан әрі дамыту.
Жақында Татьяна Ильинаның үйінде тағы бір төрт аяқты сүйіктісі пайда болды. Бұл – кане-корсо тұқымының күшігі. Екі айлық күшікті Астанадан әкелген. Оның текті тұқымдық шежіресі бар: әкесі – чемпион, ал анасы түрлі көрмелерге тұрақты түрде қатысады. Енді Татьянаның тағы бір сүйіктісі бар. Ол жаңа үйіне біртіндеп үйреніп, ерекше шаруашылықтың бір бөлігіне айналып келеді.
Ауладағы ерекше тіршілік иелерінің артында бір кездері өзгелерге мүмкін емес болып көрінген іске тәуекел еткен қарапайым ауыл әйелінің тарихы жатыр. Қаржылық қиындықтар, жоғалтулар, сәтсіз әрекеттер мен бәрін қайта бастауға тура келген сәттер де болды. Бірақ Татьяна мақсатына қарай ұмтылуын тоқтатқан жоқ. Ол үшін бұл енді жай ғана шаруашылық немесе айналасындағыларды таңғалдырудың жолы емес. Бұл – жүрегін салып атқаратын сүйікті ісі. Сонымен қатар балаларына ең ерекше арманның өзі оған жету жолында еңбектенуден қорықпасаң, шындыққа айналатынын көрсетудің мүмкіндігі.
