Ербол Исақаев: «Мемлекет басшысы атқарып жатқан және атқаратын барлық жұмысымыз болашақ ұрпаққа бағытталғанын бірнеше рет атап өтті»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы еліміздің дамуындағы стратегиялық бағдарларды, соның ішінде жасанды интеллект, экономика және инфрақұрылым салаларын айқындайды. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда ғылым мен жоғары білімге маңызды рөл жүктеледі. Kozybayev University ғалымдарының әзірлемелері Солтүстік Қазақстан облысындағы өзекті мәселелерді шешуге қалай көмектесіп жатқаны туралы университеттің басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исақаев айтып берді. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
Университет басшысының пікірінше, Жолдаудың ерекше маңызы – онда белгіленген міндеттердің ұзақ мерзімді перспективаға және болашақ ұрпақтың әл-ауқатына бағытталуында. Әңгіме жекелеген бастамалар туралы емес, ел экономикасын нығайтып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін стратегиялық шешімдер жөнінде болып отыр.
«Мемлекет басшысы атқарып жатқан және атқаратын барлық жұмысымыз болашақ ұрпаққа бағытталғанын бірнеше рет атап өтті. Бұл бір реттік шаралар емес, заманауи инфрақұрылымы мен озық экономикасы бар, бәсекеге қабілетті Қазақстанды қалыптастыруға мүмкіндік беретін ауқымды стратегиялық шешімдер», – деп атап өтті Ербол Исақаев.
Президент айқындаған негізгі бағыттардың бірі – жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларына енгізу. Kozybayev University бұл міндетті ғылыми әлеуетті дамытып қана қоймай, өңірге арналған нақты цифрлық шешімдер ұсынудың мүмкіндігі ретінде қарастырады. Университетте тиісті орталықтар құрылып, ғалымдар нәтижелерін тәжірибеде қолдануға болатын жобалармен жұмыс істеп жатыр.
Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған субсидияларды қадағалау жүйесі әзірленді. Аграрлық секторы дамыған өңір үшін мұндай құралдардың практикалық маңызы зор. Себебі олар мемлекеттік қолдау қаражатының пайдаланылуын бақылауды жетілдіруге көмектеседі.
Тағы бір жұмыс бағыты жол қозғалысының қауіпсіздігімен байланысты. Президент Жолдауында Көкшетау – Петропавл автожолын кеңейту және оның өткізу қабілетін арттыру мәселесін көтерді. Ректордың айтуынша, университет ғалымдары облыстық прокуратурамен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының картасын әзірлеген. Ол қауіпті учаскелерді анықтап, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған шараларды ұсынуға мүмкіндік береді. Апат жиі тіркелген тасжол учаскелері де зерттеушілердің назарында болды.
Ербол Исақаевтың пікірінше, жол инфрақұрылымын дамыту өңірге қауіпсіздіктің қосымша деңгейін ғана емес, жаңа экономикалық мүмкіндіктер де береді. Бұл ретте ғылыми әзірлемелер жергілікті жағдайларды ескере отырып, инфрақұрылымдық жобаларды толықтыратын шешімдер ұсына алады.
Мәселен, университет ғалымдары ЖЭО-2 жұмысының қалдықтарын пайдалана отырып, асфальтбетон қоспасын өндіру технологиясын енгізді. Жолдың тәжірибелік учаскесі жаңа әзірлеме негізінде төселіп қойды. Енді мамандар жол жабынының жағдайын бақылап, тәжірибе нәтижелерін бағалауы тиіс. Бұл жұмыс бірнеше өзекті бағытты біріктіреді. Атап айтқанда, отандық ғылыми шешімдерді енгізу, өндірістік қалдықтарды ұтымды пайдалану және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында экологиялық бастамаларды дамыту.
«Ғалымдарымыздың барлық әзірлемелері мен университеттің жетістіктері ең алдымен өңірдің мәселелерін шешуге бағытталған. Солтүстік Қазақстан облысының ең алдымен ауыл шаруашылығы өңірі екенін түсінеміз. Сонымен қатар инженерлік бағыттар мен өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді. Университет диалог алаңы ретінде нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді ректор.
