Саннан сапаға: СҚО-да Президенттің экономикалық тапсырмалары қалай жүзеге асырылып жатыр

Экономикалық өсім статистикалық көрсеткіштермен ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және халықтың табысын арттыру арқылы да көрініс табуы тиіс. Бұл міндеттер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалып, Солтүстік Қазақстан облысының негізгі жұмыс бағыттарын белгілейді. Өңірдің нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы облыс активімен кездесуде экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов айтып берді. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 111,8 пайызды құрады. Өңір республика облыстары арасында бесінші орында тұр. Өнеркәсіп өндірісі 15 пайызға, ауыл шаруашылығы 10,6 пайызға, көлік саласы 15,5 пайызға, сауда 16,1 пайызға өсті.
Басқарманың болжамына сәйкес, жыл қорытындысында жалпы өңірлік өнімнің өсімі 6 пайызды құрайды. Ал 2029 жылға қарай экономикалық өсім қарқынын 7,8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Дегенмен, Қуанышбек Қалижанов атап өткендей, өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелуге болмайды.
«Біздің міндетіміз – сандық өсімді ғана емес, оның сапасын да қамтамасыз ету. Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру және халықтың нақты табысын көбейту туралы сөз болып отыр», – деді басқарма басшысы.
Президент Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – өңірлерді, соның ішінде ауылдық аумақтарды дамыту. Солтүстік Қазақстан облысында 590 ауыл бар. Онда өңір халқының жартысына жуығы тұрады. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасына 59,7 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 14 ауылды дамытуға жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 8 млрд теңге қарастырылды. «Дипломмен – ауылға» жобасы да жалғасып жатыр. Бағдарлама аясында 548 маманды тарту жоспарланған.
Ауыл тұрғындарының 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңғырту, тірек ауылдарды дамыту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жұмыстары жалғасуы тиіс.
Инвестиция тарту да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Тоғыз айда облыс экономикасына 392 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 84,5 пайызы жеке инвестициялардың үлесіне тиесілі. Инвестициялық портфельге жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 75 жоба енгізілген. Оларды іске асыру нәтижесінде шамамен 11 мың жұмыс орны ашылады. Ірі бастамалардың қатарында агрохимиялық кешен мен қант зауытын салу, ағаш тақталарын өндіру және май экстракциялау зауытын ашу жобалары бар.
Өңір өңдеу өнеркәсібі мен машина жасауды дамытуға да басымдық беріп отыр. Тоғыз айда өңдеу өнеркәсібінің көлемі 621 млрд теңгеге жетіп, 14,7 пайызға артты. Машина жасау саласындағы өсім 26,2 пайызды құрады. Ал кәсіпорындардың тапсырыстар портфелі 320 млрд теңгеге жетті.
Кәсіпкерлікті қолдау да Жолдаудағы маңызды міндеттердің бірі. Облыста 33 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар 97 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өңір экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 33 пайызды құрайды. «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша 1,3 млрд теңге қарастырылған. Жалпы кредиттік портфелі 2,5 млрд теңгені құрайтын 39 жоба мақұлданды.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға да ерекше назар аударылып отыр. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыстағы орташа айлық жалақы 345 мың теңгені құрады. Номиналды мәнде бұл көрсеткіш 9,1 пайызға өскен. Сонымен қатар инфляцияны тежеу, жергілікті өнім ұсынысын кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қажет.
Жолдаудағы маңызды талаптардың бірі – бюджет қаражатын тиімді пайдалану. 1 қазандағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысының бюджетінің орындалуы 99,1 пайызды құрады. Меншікті кірістер жоспары 100,3 пайызға орындалды. Өңірдің меншікті кірістері 2024 жылмен салыстырғанда 34,2 пайызға өсіп, 166,6 млрд теңгеге жетті.
«Бюджеттің әрбір теңгесі нақты әлеуметтік немесе экономикалық нәтиже беруі тиіс. Сондықтан бюджеттік бағдарламалардың тиімділігіне бақылауды күшейтіп, жоспарлау сапасын арттыру және негізсіз шығындарға жол бермеу қажет», – деп атап өтті Қуанышбек Қалижанов.
