СҚО-да ҚР жаңа Конституциясының экологиялық нормалары қалай жүзеге асырылып жатыр

Табиғатқа жанашырлық таныту бүгінде қоғамдық бастама ғана емес, Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі қағидаттарының біріне айналып отыр. ҚР жаңа Конституциясында экологиялық мәдениет мемлекеттік қызметтің іргелі қағидаты ретінде айқындалса, қоршаған ортаны сақтау әрбір азаматтың міндеті ретінде белгіленген. Солтүстік Қазақстан облысында бұл нормалар экологиялық акцияларға қатысып, елді мекендерді абаттандыруға атсалысып жүрген еріктілердің жұмысы арқылы нақты жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
Жаңа Конституция мемлекет пен қоғамның экологиялық жауапкершілігін өзара байланыстырады. Атап айтқанда, 3-бапта жоғары экологиялық мәдениет мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі ретінде көрсетілген. Ал 37-бапта азаматтардың табиғатты сақтау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндеті бекітілген.
Бұл нормалардың өңірлік деңгейде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы «ШТАБ JE SKO» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Даяна Баймұқанова айтып берді. Оның сөзінше, еріктілер қозғалысы нақты экологиялық мәселелерді шешуде ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады.
«Экологиялық акциялар өткізген кезде бір күндік нәтижемен шектелмеу маңызды. Ең бастысы, осындай шарадан кейін адам табиғатқа өз бетінше ұқыпты қарай бастаса, көшелердің, аулалар мен қоғамдық орындардың тазалығына жеке жауапкершілігін түсінсе дейміз. Экологиялық мәдениет дәл осындай күнделікті әдеттерден қалыптасады», – деп атап өтті Даяна Баймұқанова.
Ол еріктілер бастамаларының жаңа Негізгі заңның ережелерімен және республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасымен байланысын да атап өтті. Оның пікірінше, бағдарлама конституциялық қағидаттарды нақты істерге айналдыруға мүмкіндік беріп, адамдарды ортақ экологиялық міндеттер төңірегінде біріктіреді.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 10 мыңнан астам ерікті бар. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында белсенділер 1200-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырған. Олар ағаш отырғызады, аумақтарды тазалау мен абаттандыру жұмыстарына қатысады, қоғамдық орындарды ретке келтіреді. Сондай-ақ бұл іске жастарды да тартып келеді.
