Петропавлда автобуста әйелге тиісіп, әдепсіз әрекет жасаған шетелдік Қазақстаннан шығарылады

Қырғызстанның 34 жастағы азаматының ұсақ бұзақылық жасағаны туралы жарияланым Петропавлдағы әлеуметтік желілердегі пабликтердің оқырмандарының назарын аударды. Бұл туралы QZ NEWS хабарлайды.
№4А бағытындағы автобуста шетелдік 41 жастағы әйелге тиісіп, оның белінен төмен тұсын сипаған. Сот оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.
«Алайда әдепсіз әрекеті үшін жауапкершілік мұнымен аяқталған жоқ. Көші-қон қызметінің қызметкерлері аталған азаматты Қазақстан Республикасының аумағынан шығару туралы өтінішхатпен Петропавл қаласының №2 сотына жүгінді. Сот істің мән-жайын қарап, өтінішхатты қанағаттандырды. Алдағы бес жылда оған Қазақстанға кіруге тыйым салынады», – делінген СҚО Полиция департаментінің хабарламасында.
