СҚО тұрғыны Даниил Инживатов аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін тегін ІТ-мектеп ашуды жоспарлап отыр
Астанада «Franch Summit 2025» халықаралық франшиза көрмесі өтті. Іс-шараның жарқын қатысушыларының бірі — Солтүстікқазақстандық, SKO Hub өңірлік ІТ-хабының резиденті Даниил Инжеватов негізін қалаған Raskrutov веб-студиясы болды, деп хабарлайды QZ News.
Іс-шара барысында Даниил Инжеватов өзінің франчайзингтік digital-жүйесін құру тарихымен бөлісті. Оның «Еш таныссыз, ешқайда көшпей-ақ, жылына 90+ млн теңге табыс әкелетін тұрақты әрі адал бизнесті қалай құруға болады» атты баяндамасы форум қатысушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды.
«Raskrutov — жай ғана веб-студия емес, бұл дайын франчайзингтік экожүйе. Жоба өз digital-агенттігін ашқысы келетін кәсіпкерлерге кезең-кезеңмен сүйемелдеу ұсынады. Бүгінде Raskrutov франчайзи өкілдері шағын және орта бизнеске сайт жасау мен оны ілгерілету бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Жобаның басты ерекшелігі — тәжірибеге басымдық беруі: оқу бағдарламаларына нақты кейстер, шаблондар, құралдар мен маркетингтік қолдау кіреді. Кәсіпкерлер тек бренд қана емес, тәлімгерлік пен қауымдастықты қамтитын толыққанды жүйе алады», — дейді Даниил.
Көрме аясында Даниил өзінің алғашқы кітабын — «Нөлден бастап сатылым әкелетін сайт» атты еңбегін таныстырды. Онда тиімді digital-өнімнің құрылымы, UX-дизайны, жылжыту және контент-стратегиясы секілді негізгі элементтері егжей-тегжейлі талданады.
SKO Hub ұжымы Даниилдің белсенді резидент екенін атап өтті. Ол цифрлық кәсіпкерлік пен маркетинг бойынша тұрақты түрде воркшоптар, менторлық сессиялар мен дәрістер өткізеді, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер форумдарында жиі спикер ретінде қатысады.
Даниил үшін бизнес — тек қаржылық табыс емес. Оның басты арманы — 14 пен 18 жас аралығындағы аз қамтылған отбасы балалары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін тегін ІТ-мектеп ашу. Бүгінде бұл арман шындыққа айнала бастады: Raskrutov командасы оқу бағдарламасын әзірлеп қойды және шілде айында SKO Hub базасында алғашқы топты қабылдау жоспарлануда.
Бұған қоса, Даниил аудандардан келетін жасөспірімдерге Петропавл қаласында жайлы жағдайда оқу үшін тұрғын үймен қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.
«Осындай ІТ-мектеп ашу туралы ой менде көптен бері жүр. Енді, мемлекетіміздің және SKO Hub-тың қолдауының арқасында, маған кеңсе мен оқу құралдарын іздеудің де қажеті жоқ — ұйымдастыруға көмектесетіндер бар», — деп атап өтті Даниил Инжеватов.