Жауынгерлердің ерлігі-ұрпақ жадында: Мұқайса Наурызбаев қорғанысты гранатамен бұзып, оқ-дәріні атқыштар бригадасына жеткізген

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Айдын Қабдулдинов өз атасының ерлікке толы өмірі туралы тебірентерлік естелігімен бөлісті. Бұл әңгіме – жеңіс үшін жанын қиған буынның ерлігі мен табандылығына арналған тағзым, бейбіт аспан үшін күрескендердің жарқын ізі.
«Менің атам Мұқайса Наурызбаев 1914 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданында дүниеге келген. 1941 жылдың күзіне қарай, 27 жасында әскерге шақырылып, бірден майдан шебіне – 97-ші жеке атқыштар бригадасының жеке пулемет батальоны құрамындағы үшінші пулемет ротасына жіберілді. Оның басты міндеті – оқ-дәрі жеткізіп, жауынгер жолдастарын қамтамасыз ету болатын.
Отбасылық мұрағатта 1943 жылдың 9 ақпанында оның батальон командирі, капитан Астионенко жазған марапаттау парағының көшірмесі сақталған.
«11 қаңтар 1943 жылы №145,5 биіктігінің шығыс беткейінде біздің әскерлер неміс траншеяларын басып алған кезде, Наурызбаев М.С. қарсы жақтың ауыр пулемет және автомат отына қарамастан, күні бойы үздіксіз оқ-дәрі тасып тұрды. Ол кезде балкадан неміс траншеяларына дейін ешқандай хабарласу жолы болмаған. 28 қаңтарда оқ-дәрі апара жатқанда, оның жолын блиндажда бекініп алған автоматшылар бөгеді. Жолдас Наурызбаев блиндажға еңбектеп жетіп, оларды гранатамен жойып жіберді. Бұл шайқаста жеті автоматшының көзін жойып, оқ-дәріні уақтылы жеткізді. Жолдас Наурызбаев үкіметтік награда – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне лайық», – делінген сол парақта.
Бұл оқиға Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңі – Сталинград шайқасының соңғы апталарында орын алған. Шайқас 1942 жылғы 17 шілдеден 1943 жылғы 2 ақпанға дейін жалғасты.
Қан төгілген күндердің бірінде атасының қасынан снаряд жарылып, бірнеше жауынгер жолдасы қаза тапқан. Бірақ атаның өзі аман қалған. Соғыстағы сол қиын сәттерді еске алған сайын: «Мені сол кезде туыстарымнан келген хаттар ғана жылытып тұрды. Олар маған үйді, отбасымды, күтіп отырған жанды еске салатын», – дейтін.
«Адал болыңдар, сонда ғана ұйықтағанда жаның тыныш болады. Оқыңдар, заманыңнан қалмаңдар, уақыт өтсе, оны қайта қуып жете алмайсыңдар», – дейтін атам.
Бұл сөздер менің өмірлік ұстанымыма айналды – қандай қиын жағдайда да адам болып қалудың үлгісі.
Соғысты Мұқайса ата 1945 жылы Кёнигсбергте кіші сержант шенімен аяқтаған. Оның әскери марапаттарының ішінде Ұлы Отан соғысы ІІ дәрежелі ордені ең қымбаты еді. Жеңіс күні болса да, ол орденін ғана тағып, медальдарын сақтап, бірақ тақпайтын.
Соғыстан кейін атам совхоз бөлімшесінің басқарушысы болып еңбек етті. Соғыс туралы көп айтқысы келмейтін, тек бала-шағасы мен немерелері қайта-қайта сұрағанда ғана баяндап беретін. Бірақ әр әңгімесінде көзіне жас келетін.
«Соғыс – адам жанын да, тәнін де аяусыз жалмайтын қасірет. Ондайды Алла ешкімнің басына бермесін. Ең қорқынышты дыбыс – басыңның үстінен ысқырып өтетін миномет оғының үні. Балалар, тыныштықты қадірлеңдер, бейбітшілікті сақтаңдар», – дейтін.
Соғыста ол күн сайын қасындағылардың мерт болғанын көріп, үстінен жау оғы зуылдап өтсе де, өлімнен қорықпай, соңына дейін шайқасты. Осы батырлығы мен қайсарлығын кейін бала-шағасына үйретті. Менің анам – олардың он баласының бесіншісі. Атамыз біздің бәріміз үшін әрқашан батырлықтың, ерліктің, рухтың беріктігі мен мінездің айқын үлгісі болып қала береді.
