Қазақстандық кино күндері Петропавлда басталды
Облыс орталығында Қазақстандық кино күндері басталды. Еске салайық, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өңірлерде қазақстандық киноны насихаттау бастамасын жалғастыруда, деп хабарлайды QZ News.
Делегация құрамында Петропавл қаласына «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Құманбек Жұмағали, орталықтың кино жобаларын ілгерілету бөлімінің басшысы Айнұр Дюсенова, «Патриоттар уақыты» фильмінің режиссері Серікбол Үтепбергенов, актер Дастен Шакиров және «Кубики» студиясының монтаж тобының өкілі Денис Вежновец келді.
Қонақтарды Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы Руслан Әлішев қарсы алды.
Салтанатты ашылу «Qyzyljar Creative Center» орталығында өтті. Шара режиссер Серікбол Өтепбергеновтің «Патриоттар уақыты» фильмінің көрсетілімімен басталды.
Кино күндері аясында көрермендер «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан», «Бауырына салу», «Боксшы» секілді көптеген фильмдерді тамашалай алады. Сонымен қатар, іс-шараға киноиндустрияның білікті мамандары қатысып, шеберлік сабақтарын өткізеді.