Сандық өнер: Петропавлда «Young Dreamers» көрмесі өтті
Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейінде Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының жұмыстары қойылған ерекше сандық өнер көрмесі — «Young Dreamers» ашылды, деп хабарлайды QZ News.
Көрмеге жоғары сынып оқушылары өз қолымен, нейрожелілердің көмегінсіз жасаған 28 сандық жұмыс ұсынылған. Барлығы — тек қиял, шығармашылық көзқарас және заманауи құралдар: Procreate-тен бастап Photoshop-қа дейін. Кейбір суреттер тіпті телефон экранында саусақпен салынған.
«Young Dreamers» — бұл тек таланттар ғана емес, болашақ туралы да көрме. Сандық өнер креативтілікті, визуалды ойлауды және технологиямен жұмыс істеу дағдыларын дамытады. Бұл XXI ғасырда маңызды қабілеттердің бірі болып табылады.
«Мен үшін баланы сурет салуға үйрету ғана емес, оның шығармашылық арқылы өзін, өз сезімдерін, ойларын, ішкі әлемін түсінуге үйренуі маңызды. Өнер — бұл әмбебап тіл, ол маңызды дүниелер жайлы айтуға көмектеседі, кейде сөз жетпей жатқанда да. Әсіресе балалардың сандық форматта жұмыс істеуі ұнайды: ол еркіндік береді, шекараны кеңейтеді, эксперимент жасауға мүмкіндік ашады. Олар ізденіп, өз стилін табуға тырысады, өзін батыл түрде көрсетуге үйренеді. Бұл көрме — олардың шынайылығының, даралығының және өз көзқарастарымен әлеммен бөлісуге деген талпынысының айғағы. Мен олардың әрқайсысымен мақтанамын», — дейді көрме кураторы, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Әлия Молдахметова.
7-сынып оқушысы Асылжан Асқар бала кезінен сурет салуға құмар. «Young Dreamers» көрмесінде ол сүйікті корей тобы — BTS-ке арналған, жылылық пен эмоцияға толы екі жұмысын ұсынды. Өз суреттерінде Асылжан әртістерге деген таңданысын жеткізеді, олардың қиындықтарды жеңіп, мойындалуға жеткен тарихы оған арман мен рух күшінің үлгісі болған.
«Мен бұл адамдарға қатты таңданамын, өйткені олар жетістікке жету жолында көп қиындықтардан өтті. Дебютке дейін оларды ешкім байыпты қабылдамады, көбісі оларды «бір жылдық топ» деп санады. Бірақ олар керісінше еңбектерімен, талантымен, шынайлығымен мықты екендерін дәлелдеді. Олардың тарихы маған өте жақын. Олар маған берілмеуге, алға ұмтылуға және өз күшіме сенуге шабыт береді. Мен сурет салғанда, басқа әлемге енгендей боламын. Маған эмоциялар мен образдарды жеткізу ұнайды, яғни мені шабыттандыратын дүниелер», — дейді Асылжан.
Көрме екі апта бойы жалғасады — кез келген адам келіп, жас суретшілердің шығармашылығымен таныса алады.