Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » Тимирязев ауданында Солтүстік Қазақстан облысындағы екінші цифрлық музей ашылды

Тимирязев ауданында Солтүстік Қазақстан облысындағы екінші цифрлық музей ашылды

November 13, 2026 18:00

Еліміз қандай тарихи кезеңдерді өткерді? Ата-бабаларымыз қалай өмір сүрді? Туған өлке тарихын қалыптастырған қандай оқиғалар бар? Енді Тимирязев ауданының тұрғындары бұл сауалдардың жауабын тек кітаптан ғана емес, виртуалды шындық технологиялары арқылы да таба алады. Аудандық IT-орталық базасында Солтүстік Қазақстан облысындағы екінші цифрлық музей ашылды. Оның мүмкіндіктерімен жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Жаңа орталық бірнеше бағытты біріктірген. Мұнда заманауи технологияларды меңгеруге, ұлттық мұрамен танысуға және туған өлкенің тарихын зерттеуге мүмкіндік бар. Орталықта IT-сынып жабдықталған. Мұнда мектеп оқушылары мен жастар ғана емес, аға буын өкілдері де білім алып, цифрлық дағдыларын жетілдіре алады.

Кеңістіктің басты ерекшеліктерінің бірі – VR аймағы бар Digital киіз үй. Виртуалды көзілдірікті кию арқылы тарихи кезеңдерге саяхат жасап, өткен дәуірлерді өзгеше форматта тамашалауға болады. Жобаны әзірлеу барысында заманауи digital-технологиялар, иммерсивті жарықтандыру жүйесі және қазақтың ұлттық нақыштары үйлестірілген.

Облыстағы екінші цифрлық музейді дизайнерлер, урбанистер, жарнама саласының мамандары мен IT-әзірлеушілерді біріктірген Qyzyljar Creative Center командасы әзірледі.

«Заманауи мүмкіндіктер мен сапалы білім тек облыс орталығының тұрғындарына ғана емес, ауылдық елді мекендердегі халыққа да қолжетімді болуы маңызды. Мұндай жобалар жастардың сұранысқа ие дағдыларды меңгеруіне, сонымен қатар туған өлкенің тарихына, мәдениеті мен дәстүрлеріне деген қызығушылығын сақтауға ықпал етеді», – деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.

Орталықта өлкетану бағытына да ерекше көңіл бөлінген. Цифрлық кітапханаға киелі орындар, ауылдардың тарихы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы басылымдар мен Тимирязев ауданына қатысты энциклопедиялық материалдар жинақталған. Енді туған өлкенің өткеніне қатысты қажетті мәліметтерді электронды форматта алуға болады. Бұл, әсіресе, оқу мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті материалдарды пайдалана алатын мектеп оқушылары мен жастар үшін маңызды.

Цифрлық музей экспозициясында «Алтын барыс» интерактивті тұғыры, «Алтын адам» және «Қазақ хандығының күміс тасы» LED-экрандары, сондай-ақ «Қазақ батырының дөңгелек тұлғасы» экспозициясы бар. Бұдан бөлек, «Қазақ Елі: Өшпес мұра» атты интерактивті хронология ұсынылған. Аудан тарихына арналған «Тимирязево энциклопедиясы» арнайы интерактивті киоскі де келушілер назарына ұсынылады. Сонымен қатар мұнда ұлттық киімдер мен тарихи жәдігерлерді көруге болады.

Орталықтағы тағы бір ерекше нысан – уақыт капсуласы. Кез келген адам болашақ ұрпаққа арнап хат жазып, тілегін немесе үндеуін қалдыра алады. Араға талай жыл салып, бұл жазбалар кейінгі ұрпақ үшін бүгінгі адамдардың тыныс-тіршілігі мен арман-мақсатын танытатын құнды тарихи дерекке айналуы мүмкін.

Аудандық IT-орталық цифрлық құралдармен жұмыс істеуді үйрететін орын ғана емес. Бұл – заманауи технологиялар арқылы тарихи жадыны сақтауға, тұрғындарды ата-баба мұрасымен таныстыруға және ауыл жастарының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған бірегей кеңістік.

Shares