Петропавлда қар тазалайтын техниканың қысқы маусымға дайындығы тексерілді

Қала коммуналдық қызметтері алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелехов мердігер ұйымдардың өндірістік базаларын аралап, олардың көшелерді қардан тазарту және қарды қала сыртына шығару жұмыстарына дайындығын тексерді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жұмыс сапары барысында кәсіпорындардың техникалық дайындығы бағаланды. Арнайы машиналар мен жабдықтар тексеріліп, олардың саны және қысқы жағдайда жұмыс істеуге қажетті ресурстардың жеткіліктілігіне назар аударылды.
Сондай-ақ ұйым басшылары және жұмысшылармен қар жауған кездегі жұмыс тәртібі талқыланды. Техниканы дайындап қана қоймай, ауа райы жағдайы талап еткен сәтте бригадалардың қала көшелеріне жедел шығуын қамтамасыз ету де маңызды.
Арнайы техникалардың жарамдылығы мен қызметкерлердің күрделі ауа райы жағдайында жұмыс істеуге дайындығына ерекше көңіл бөлінді. Мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмысы жолдарды қаншалықты жылдам тазартуға, көлік пен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.
Қысқы маусымға дайындық жұмыстары жалғасуда. Қала қызметтерінің басты міндеті – қар тазалау жұмыстарында кідірістерге жол бермей, Петропавл көшелерін көлік қозғалысына қолайлы әрі қауіпсіз жағдайда ұстау.
