Асқар Баймұқанов: «Президенттің ауыл әкімінен бастап Үкіметке дейінгі мемлекеттік аппаратты реформалау жөніндегі бастамасы уақыт талабына сай әрі ел үшін қажет»

Президенттің 2026 жылғы Жолдауында мемлекеттік аппаратты жаңғыртудың жаңа бағыты айқындалды. Реформа басқарудың барлық деңгейін – ауыл әкімдіктерінен бастап Үкіметке дейін қамтуы тиіс. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мұндай өзгерістердің уақыты әлдеқашан жеткенін айтады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Асқар Баймұқанов мәлімдеді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру – күн тәртібіндегі басым мәселелердің бірі. Спикердің айтуынша, агенттік 2022 жылдан бері бюрократиядан арылту аясында мемлекеттік қызмет жүйесіне кешенді талдау жүргізіп келеді. Мамандар жыл сайын жүзден астам бағытты зерделеп, саладағы өзекті мәселелер мен кемшіліктерді анықтайды.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі мемлекеттік қызмет жүйесінде шешімін күткен мәселелер бар екенін көрсетіп отыр. Сондықтан Президенттің ауыл әкімінен бастап Үкіметке дейінгі мемлекеттік аппаратты реформалау жөніндегі бастамасы уақыт талабына сай әрі ел үшін қажет», – деп атап өтті Асқар Баймұқанов.
Агенттік Мемлекет басшысы ұсынған бағытты қолдайды және алдағы өзгерістерді әзірлеу жұмыстарына қатысуға ниетті. Ведомствоның осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибесі басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған жұмыстардың бір бөлігіне айналмақ.
«Біз Президенттің Жолдауы мен бастамасына ерекше назар аудардық. Алдағы уақытта Үкімет атқаратын жұмыстарға біздің әзірлемелеріміз де негіз болады», – деп түйіндеді спикер.
