Қазақстанда әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа шаралар енгізілуде
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа шаралар туралы мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында жазды, деп хабарлайды QZ News.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау – барлық деңгейдегі басшылықтың басты басымдығы болуы тиіс. Әскери қызмет қауіпсіздік, абырой, тәртіп пен әділеттілік қағидаттарына негізделуі қажет», – деп жазды Берік Асылов.
Осы қағидаттар аясында Бас әскери прокуратураға Қарулы күштер және басқа да әскери құрылымдармен бірлесіп екі жаңа жобаны енгізу тапсырылды: «Армиядағы заң мен тәртіп» және «Цифрлық профилактика». Бұл бастамалардың мақсаты – әрбір әскери қызметші қорғалған, ал командир сенім мен қолдауға ие болатын жүйе құру.
Қауіпсіздік үшін цифрландыру
«Ең алдымен, әскери бөлімдерде жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндігімен заманауи бейнебақылау IT-жүйелері орнатылады – бұл жағдайларды автоматты түрде талдауға және жеке құрамның қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, далалық жаттығулар, атыс және оқу-жаттығулар кезінде командирлерге бейнежетондар, ал күзетте және жауынгерлік кезекшілікте тұрған мерзімді қызметтегі сарбаздарға бейнебақылау құрылғыларын беру жоспарланып отыр. Бұл қызмет атқару барысын нақты бақылауға жол ашады», – деп жазды Бас прокурор өз парақшасында.
Қазірдің өзінде http://armia.kz сайтында цифрлық кеңесші іске қосылып, сарбаздардың көмек сұрап, өз үнін жеткізе алуына мүмкіндік беретін жаңа байланыс арналары енгізілуде.
Бұған қоса, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында шақыру және медициналық комиссия отырыстарын аудио-бейне тіркеу мәселесі қарастырылуда. Хаттамалар цифрландырылып, әскерге шақырылушылар оларға қашықтан қол жеткізе алады. Бұл медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтардың әскери қызметке шақырылуына жол бермейді.
Бұл және басқа да шаралар әскери қызмет барысында сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді механизмге айналады деп күтілуде.