ОСМС-тегі өзгерістер: СҚО-да еңбек ұжымдарымен кездесулер өтіп жатыр

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында Солтүстік Қазақстан облысында еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылуда. Онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) және Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының өкілдері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі маңызды өзгерістер туралы баяндады. Осындай кездесу «Радуга» ЖШС қызметкерлерімен өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
ӘМСҚ филиалының директоры Айнагүл Дәулетчина жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің жарналары әзірге өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Ал мемлекет тарапынан төленетін жарналардың кезең-кезеңімен ұлғаюы 2027 жылдан басталып, 2037 жылға қарай 4,7%-ға жетеді.

Қызметкерлерге 2025 жылдың екінші жартысынан бастап онкоскринингтер барлық азаматтар үшін, олардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, тегін болатыны түсіндірілді.
2026 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМК) пакетіне әлеуметтік маңызы бар 11 ауру кіреді. Сондай-ақ 2025–2027 жылдар аралығында диспансерлік бақылауда болатын барлық ауруларды кезең-кезеңімен КТМК-дан МӘМС жүйесіне көшіру жоспарланған.

«Радуга» ЖШС қызметкерлері 2026 жылдан бастап МӘМС пакетіне енгізілуі көзделіп отырған қант диабеті бойынша емдеу жайында да сұрақтар қойды.
«Облыста қант диабетімен диспансерлік есепте тұрғандар шамамен 20 мың адамды құрайды. Олардың басым бөлігі – балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер. Бұл топтағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Тек 5%-ы ғана сақтандырылмаған», – деп түсіндірді Айнагүл Дәулетчина.
Ол сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін емдеуге арналған кейбір дәрі-дәрмектерді тиімдірек препараттарға алмастыруды жоспарлап отырғанын айтты.
Кездесу соңында ӘМСҚ филиалының директоры әрбір азамат үшін сақтандырылған мәртебесінің маңыздылығын атап өтіп, шетелдік ЖОО студенттері мен тар бейінді мамандар қызметіне қатысты сауалдарға жауап берді.
