Петропавлда сот кран жүргізушінің еңбек құқықтарын қалпына келтірді

Петропавл қалалық №2 соты талапкер Б.-ның пайдасына шешім шығарып, оның еңбек құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды QZ NEWS соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азамат сотқа жеке кәсіпкер «Г.»-ге қарсы талап арыз беріп, өзінің еңбек кітапшасына және enbek.kz сайтындағы Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне нақты мәліметтер енгізуді талап еткен. Сондай-ақ ол жұмыстан шығару туралы бұйрықты жарамсыз деп тануды, жалақы бойынша берешекті, әлеуметтік төлемді, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны және моральдық зиянды өндіріп беруді сұраған.
– Сот отырысы барысында талапкердің 2020 жылдың 26 мамырынан бастап «Г.»-ЖК кран жүргізуші болып жұмыс істегені анықталды. Алайда жұмыс беруші еңбек кітапшасына жалған деректер енгізген әрі электрондық жүйеде мәліметтерді көрсетпеген. Сонымен қатар сот жұмыскерді жұмыстан босату кезінде ҚР Еңбек кодексінің талаптары бұзылғанын анықтады: қызметкер алдын ала ескертілмей, одан түсініктеме алынбаған, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот талап қою мерзімін қолдану жөніндегі жауапкердің өтінішін қанағаттандырмады, себебі талапкер уәкілетті органдарға дер кезінде жүгінген.
Нәтижесінде талап арыз қанағаттандырылды. Сот жұмыс берушіні жалақы бойынша қарызды, өтемақы төлемдерін және моральдық шығынды өтеуге міндеттеді. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
