Петропавлда жеке үйде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шықты

Петропавл қаласында Крепостная көшесіндегі жеке тұрғын үйден өрт шықты. Оқиға орнына Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жедел жетті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Өрт сөндірушілер қызыл жалынды қысқа уақыт ішінде ауыздықтады. Өрт 80 шаршы метр аумақты шарпыған. Төтенше жағдай қызметкерлері өртті сөндіру барысында жалынның көршілес құрылыстарға таралуына жол бермей, үй иелерінің автокөлігі мен жеке мүліктерін сақтап қалды.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, өртке электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған. Мамандар электр желісіндегі ақаулар мен зақымдалған сымдарды пайдалану өртке әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан ақау анықталған жағдайда дер кезінде мамандардың көмегіне жүгіну қажет.
