Петропавлда топтасып бұзақылық жасаған төрт азаматтың әрқайсысына бес жыл шартты жаза тағайындалды

Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында топтық бұзақылық ісі бойынша ашық сот процесі өтті. Сот отырысын Петропавл қаласындағы колледждер мен Kozybayev University студенттері онлайн режимде тамашалады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Сот алдында төрт жас азамат жауап берді. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 25 мамырда олар №44 орта мектептің маңында бұзақылық ниетпен бір адамға шабуыл жасаған. Бұл ретте бұрыш шашатын баллон, ағаш таяқ және үшкір-кескіш зат қолданылған. Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілген.
Сот төрт азаматтың да ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының арнайы құралдарды қолдана отырып бұзақылық жасағаны үшін кінәлі екенін таныды. Олардың әрқайсысына бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабына сәйкес, тағайындалған жаза шартты деп танылды. Сотталған үш азаматқа бір жыл мерзімге, ал төртіншісіне бес жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Ашық сот процесі құқық бұзушылықтардың алдын алу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Студенттердің қатысуы болашақ мамандарға сот талқылауының барысымен танысып, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттердің салдарын түсінуге мүмкіндік берді.
