Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Қазақстанда ең көп айыппұл төлейтін өңірлер аталды

Қазақстанда ең көп айыппұл төлейтін өңірлер аталды

Қазақстан бюджетіндегі кірістің елеулі бөлігін елде жұмыс істейтін компаниялар мен қарапайым азаматтар төлейтін салықтар құрайды. Алайда табыс құрылымында «салықтық емес түсімдер» деп аталатын бөлек баған да бар. Telegram-дағы Tengenomika арнасының авторы Руслан Сұлтановтың айтуынша, бұл ұғымның астарында айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар мен түрлі өндіріп алулар жасырынып жатыр. Ең қызығы – кейбір өңірлер осы түсімдердің есебінен күн көріп отыр, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жергілікті бюджеттерге түскен салықтық емес түсімдер көлемі 201,1 млрд теңгені құраған.

Ең көп салықтық емес түсімдер Маңғыстау облысында тіркелген – 37 млрд теңге. Оның 35,1 млрд теңгесі – айыппұл, өсімпұл және санкциялардан түскен. Ал қалған 1,5 млрд теңге басқа да салықтық емес түсімдерге тиесілі.

Екінші орында – Алматы қаласы. Мұнда жалпы 33,8 млрд теңге түскен, оның 24,8 млрд теңгесі – айыппұлдар мен әкімшілік өндіріп алулардан. Қалған 5,6 млрд теңге – өзге түсімдер, тағы 3,46 млрд теңге мемлекеттік мүліктен түскен табыс есебінен құралып отыр.

Көш басында сондай-ақ Астана (23,3 млрд теңге) мен Түркістан облысы (14,6 млрд теңге) бар. Астаналықтар 11,4 млрд теңге көлемінде айыппұл төлесе, оңтүстік өңір тұрғындары 5,9 млрд теңге төледі.

Айта кетейік, өзге салықтық емес түсімдерге мемлекеттік мүліктен түсетін табыс, игерілмей қалған қаражаттың қайтарымы, жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары, мемлекеттік келісімшарттардың бұзылуына байланысты айыппұлдар және мемлекеттік қызметтерден түскен аздаған табыстар жатады.

Tengenomika авторының пайымынша, бұл түсімдер нақты экономикалық табыстан гөрі, мемлекеттік жүйедегі олқылықтардың «өтемақысы» іспеттес: игерілмеген бюджеттер, орындалмаған келісімшарттар, жүйесіз басқару. Яғни, мұндай түсімдердің артуы – тиімділіктің емес, басқарушылық дағдарыстың көрінісі.

Shares