СҚО-да үш ауданның әкімі жер даулары мен мемлекеттік сатып алуларға байланысты жауапкершілікке тартылды
2025 жылдың бірінші тоқсанында Солтүстік Қазақстан облысындағы үш ауданның әкімі Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жекеше қаулыларына сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Облыс әкімдігі сот тарапынан Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) нормаларының бұзылғанын анықтаған соң, тиісті тәртіптік шаралар қолданған. Барлық жекеше қаулылар заңды күшіне енді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Бірінші жағдай бойынша аудан әкімі жазбаша шағымды қарамағаны үшін жауапқа тартылды. Шағым жол бойындағы дәмхананың эскиздік жобасын келісуден бас тартуға қатысты болған. Алайда әкім бұл өтінішті оны қарауға тиісті емес, дәл сол әрекеті шағымға негіз болған құрылымға — аудандық құрылыс бөліміне жолдаған. Бұл — ӘРПК талаптарына тікелей қайшы, себебі мұндай шағымдарды жоғары тұрған органның қарауы қажет.
«Екінші жағдайда сот кәсіпкердің автомобиль жолдарын күтіп ұстауға қатысты мемлекеттік сатып алу нәтижелерін даулаған талап-арызын қарады. Тергеу барысында ауданның ТҮКШ бөлімі жеңімпаз болып танылған талапкердің жеңісін жойып, бұл шешімді жоққа шығарылған аудит қорытындысымен түсіндіргені анықталды. Тіпті ТҮКШ бөлімі сотта өз әрекеттерінің заңсыз екенін мойындап, Аудит департаментінің де бұл шешімді заңсыз деп тануына қарамастан, аудан әкімі сотқа өзінің бөлімін ақтайтын және талапты қанағаттандырудан бас тартуды сұрайтын ресми жауап ұсынған», – делінген сот хабарламасында.
Үшінші жағдайда сот фермерлік шаруашылыққа ортақ үлестік уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану (жалдау) құқығын беру туралы аудан әкімдігінің қаулысын заңсыз деп таныды. Бұл ретте аудан әкімдігі тарапынан жер заңнамасы мен ӘРПК нормаларының бұзылғаны анықталып, жекеше қаулы шығаруға негіз болған.