Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО жастарына арналған «Қызылжар жастары» ипотекалық бағдарламасы басталды

СҚО жастарына арналған «Қызылжар жастары» ипотекалық бағдарламасы басталды

26 мамыр мен 11 маусым аралығында Солтүстік Қазақстан облысында жаңа әлеуметтік ипотекалық бағдарлама – «Қызылжар жастары» бойынша өтінімдер қабылдау басталады. Бұл – өңір тарихындағы жастар мен жас мамандарды қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған алғашқы бастама, деп хабарлайды QZ News Ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Бағдарлама 2024–2029 жылдар аралығына жоспарланған және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Жас мамандар тұрғын үйді облыс аумағындағы алғашқы және екінші нарықтан сатып ала алады.

Кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Олар өңір үшін маңызды салаларда еңбек етуі тиіс: денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, азаматтық қорғаныс және энергетика. Үміткерлер әлеуметтік мәртебе, отбасылық жағдай, бала саны мен кәсіби тәжірибе ескерілетін ашық балдық жүйе арқылы іріктеледі.

Ипотеканың шарттары:

Несие сомасы: Петропавл қаласы үшін 15 млн теңгеге дейін, аудандар үшін – 10 млн теңгеге дейін.

Бастапқы жарна: бар болғаны 10%.

Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 6%.

Несие мерзімі: 19 жылға дейін.

Өтінішті қалай беруге болады?

Құжаттар Азаматтарды қабылдау орталығының 1-қабатында қабылданады (мекенжайы: Конституция көшесі, 58А). Жұмыс уақыты: 9:00–18:30, үзіліс: 13:00–14:30. Демалыс күндері – сенбі және жексенбі.

Қосымша ақпаратты Ішкі саясат басқармасынан келесі телефондар арқылы алуға болады:
8 (7152) 490212, 461458, 500-162.

Shares