Александр Наумов Президенттік көпсайыстан 57 рет Қазақстан чемпионы атанды

Петропавлда төзімділікке арналған жүгіруді қамтитын Президенттік көпсайыстан Қазақстан кубогы өтті. Елдің әр өңірінен келген спортшылар төрт сайыс түрінен бақ сынады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Президенттік көпсайыс жарыстары 1–5 қараша аралығында өтті. Спортшылар төрт кезең бойынша – атыс, спринт, төзімділікке жүгіру және жүзу бойынша күш сынасты. Солтүстік Қазақстан облысының намысын Александр Наумовтың шәкірттері қорғады. Александр Владимирович әкелік мейіріммен «наумовшылар» деп атайтын команда биыл да өңір мерейін үстем етті. Олар жалпы 7 медаль иеленді: 3 алтын, 3 күміс және 1 қола.

Ең үздік нәтижеге магистр, Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі Никита Изотов қол жеткізді. Ол облыс қоржынына екі алтын медаль салды – бірін жас ерекшелік санатында, екіншісін абсолюттік біріншілікте жеңіп алды. Осылайша, Қазақстанның ең мықты көпсайысшысы атанды. Еске салайық, өткен жылы Никита халықаралық дәрежедегі спорт шебері куәлігін алған болатын.

Солтүстік өңірде дарынды көпсайысшылар аз емес. Табандылық пен мақсаткерліктің арқасында жерлестеріміз ел чемпионаттарында үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, Ольга Вернер ардагерлер арасында күміс медаль иеленсе, Ақтары Жоламан 21–23 жас санатында күміспен марапатталды. Сол топта Юлия Безушко да екінші орынды иеленді. Ангелина Кудрявцева қола медальға қол жеткізді. Аркадий Есман алтыншы орын алды. Ал 18–20 жас аралығында Мария Павлова да алтыншы орыннан көрінді.
Бұл жетістіктердің артында олардың бапкері – аға оқытушы және тәжірибелі жаттықтырушы Александр Наумовтың еңбегі тұр. Ол 40+ ардагерлер санатында абсолюттік біріншілікте жеңіске жетіп, 57-рет Қазақстан чемпионы атанды.

Александр Владимирович бірнеше буын солтүстікқазақстандық спортшыларды жоғары жетістіктерге шабыттандырып келеді. Ол өз үлгісімен тағы бір рет дәлелдеді: жас – бұл тек құжаттағы сан ғана. 65 жасында да ол тамаша спорттық формада, жыл сайын чемпиондық атағын қорғап келеді. Өзінің «мәңгі жастық» құпиясымен ол QZ News тілшісімен де бөлісті.
«Егер өзіңізді жақсы сезінгіңіз келсе немесе артық салмақтан арылғыңыз келсе – аптасына үш рет жүгіру жеткілікті. Алдымен жылдам жүрістен бастаңыз, ал екі аптадан кейін, егер тамыр соғысыңыз тұрақты болса, баяу жүгіруге көшуге болады. Организміңізге қарап, біртіндеп қашықтықты 10 км-ге дейін ұлғайтыңыз. Артық салмақ тастау үшін бір сағаттан астам жүгіру керек», – дейді Александр Владимирович.
Спортпен айналысу тиімді болуы үшін тамақтануға да көңіл бөлу қажет. Бірі екіншісінсіз нәтиже бермейді.
«Физикалық жүктемемен қатар дұрыс тамақтану да маңызды. Мысалы, менің таңертең жарты сағаттық жаттығуым бар – созылу, итеріп көтерілу, тартылу. Одан кейін таңғы асқа міндетті түрде ботқа жеймін. Ботқалар күн сайын әртүрлі болуы керек – қарақұмық, күріш, тары, арпа. Таңғы асымда міндетті түрде ботқа, жұмыртқа және бутерброд бар. Аптасына үш рет қызыл балық жеймін. Түскі асым жеңіл – котлет немесе тауық еті және бір стақан компот, гарнирсіз де болады. Кешкі ас өте жеңіл болуы тиіс. Ет жемеймін, салатпен шектелемін. Себебі кешкі жетіден кейін жегеннің бәрі майға айналады», – деп бөлісті Александр Наумов.
