Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Кәсіби мереке қарсаңында СҚО-ның 250-ден астам медицина қызметкері спорт алаңдарына шықты

Кәсіби мереке қарсаңында СҚО-ның 250-ден астам медицина қызметкері спорт алаңдарына шықты

June 18, 2026 13:39

Солтүстік Қазақстан облысында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған дәстүрлі спартакиада аяқталды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Спорт алаңдарында өңірдің денсаулық сақтау саласынан келген 250 маман – дәрігерлер, фельдшерлер, мейіргерлер, медициналық ұйымдардың басшылары және басқа да қызметкерлер бас қосты.

Жарысқа барлығы 25 команда қатысты. Олардың қатарында облыстың 12 ауданының, Петропавл қаласындағы 13 медициналық мекеменің және медициналық колледждің өкілдері болды. Денсаулық сақтау қызметкерлері үшін спартакиада спорттық қабілеттерін көрсету мүмкіндігі ғана емес, сондай-ақ ұжымдық рухты нығайтып, әріптестермен бейресми жағдайда араласуға мүмкіндік берген алаңға айналды.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева жарыстардың бірнеше кезең бойынша өткенін айтты.

«17 маусымда алғашқы ойындар өтті. Медициналық колледжде дойбы, волейбол және тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылды. Кейін “Жастар” стадионында қатысушылар арқан тарту, секіру, медициналық ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарлары арасындағы күштік жаттығулар және дартс бойынша сынға түсті. Спартакиада қорытындысы бойынша бірінші орынды Жедел медициналық жәрдем станциясының командасы иеленді, екінші орын – көпбейінді қалалық ауруханаға, үшінші орын – №3 қалалық емханаға бұйырды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен жеке есептегі марапаттар табысталды. Спартакиада жыл сайын Медицина қызметкері күніне орай өткізіліп, жақсы дәстүрге айналды. Ойындар өте тартысты әрі әсерлі өтті», – деді Гүлнар Қалиева.

Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесінде 10 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың көпшілігі жыл сайын дәстүрге айналған бұл спорттық бастаманы қолдап келеді.

Shares