19-20 қыркүйек күндері Петропавл мен Қызылжар ауданының екі ауылында су беру уақытша тоқтатылады

«Қызылжар су» ЖШС су құбыры желілерін жоспарлы профилактикалық жуу және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетінін хабарлады. Осыған байланысты ауызсу беру уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Шектеу Петропавл қаласын, сондай-ақ Қызылжар ауданының Тепличное және Прибрежное ауылдарын қамтиды. Су беру 2026 жылғы 19 қыркүйек сағат 00:00-де тоқтатылып, 20 қыркүйекті қоса алғанда жалғасады.
«Тұрғындардан 18 қыркүйек күні күндіз қажетті мөлшерде су қорын алдын ала жинап алуды сұраймыз. Суды кешкі уақытқа қалдырмаған жөн. Себебі суды бір мезетте жаппай жинау су тұтынудың күрт артуына және желідегі қысымның төмендеуіне әкелуі мүмкін», – делінген хабарламада.
Коммуналдық кәсіпорынның мәліметінше, су құбыры желілерін жыл сайын шаю және залалсыздандыру – ауызсудың тиісті сапасын қамтамасыз ету, санитарлық нормаларды сақтау және ықтимал ластану көздерін жою үшін жүргізілетін міндетті рәсім.
Еске салайық, бұған дейін жоспарлы жұмыстарды 12-13 қыркүйек күндері жүргізу көзделген болатын. Алайда 12 қыркүйекте болған табиғи өртке байланысты жоспарланған жұмыстар кейінге шегерілді.
