Алдағы аптада СҚО-да қар аралас жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетеді

Солтүстік Қазақстан облысында алдағы аптада ауа райы құбылмалы болады. Аптаның басында кей жерлерде қар аралас жаңбыр жауады. Кейін аздап күн суытады. Ал демалыс күндеріне қарай жел күшейіп, жауын-шашын қайта түседі, деп хабарлайды QZ NEWS «Қазгидромет» РМК мәліметіне сілтеме жасап.
Дүйсенбі, 16 қарашада, облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болжанады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрді құрайды. Кей жерлерде жел екпіні 15-20 метрге дейін жетеді. Түнде ауа температурасы 3 градус аяздан 2 градус жылыға дейін болса, күндіз 0-5 градус жылы болады.
Сейсенбі, 17 қарашада, ауа райы біршама тұрақталады. Синоптиктер жауын-шашын болжап отырған жоқ. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9-14 метр болады. Түнде ауа температурасы 0-5 градус аяз, күндіз 0-5 градус жылы болады.
Сәрсенбі, 18 қарашада, облыстың батысы мен оңтүстігінде күндіз қар жаууы мүмкін. Түнде ауа температурасы 2-7 градус аязды көрсетсе, күндіз 3 градус аяздан 2 градус жылыға дейін өзгереді. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9-14 метр болады.
Аптаның екінші жартысында ауа райы күрделене түседі. Бейсенбі және жұма күндері, 19-20 қарашада, өңірдің батысында, солтүстігінде және шығысында қар жауады. Күндіз қар аралас жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде көктайғақ болып, түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.
Желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге дейін жетеді. Жекелеген аудандарда екпіні 15-20 метрді, кей уақыттарда 23-28 метрді құрайды. Түнде ауа температурасы 2-7 градус аяз, күндіз 3 градус аяздан 2 градус жылыға дейін болады.
