Фейк пен манипуляцияны қалай ажыратуға болады: Солтүстік Қазақстанда ақпараттық кездесулердің қорытындысы шығарылды

Солтүстік Қазақстан облысында «БІРЛІК. ЗАҢ. ҚОҒАМ» жобасы аясында азаматтардың құқықтық мәдениеті мен цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру шаралары өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кездесулерге түрлі санаттағы тұрғындар қатысты. Іс-шаралар облыстағы мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ түрлі еңбек ұжымдарында ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арнайы оқыту сессиялары өткізілді.
Жиын барысында құқықтық сауаттылық, этносаралық қатынастарды нығайту және осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сарапшылар медиасауаттылыққа да ерекше тоқталып, интернет кеңістігіндегі жалған ақпаратты, жасырын манипуляция мен арандатушылық сипаттағы контентті ажырату жолдарын түсіндірді.
Кездесулерде сыни ойлауды дамытуға және ақпаратты тұтыну мен таратудың жауапкершілігін арттыруға ерекше мән берілді.
Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық Даму қауымдастығы» ЗТБ жүзеге асырды. Бастаманың ресми операторы – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ.
