Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда әкелерге арналған тимбилдинг өтті

Петропавлда әкелерге арналған тимбилдинг өтті

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» атты әкелерге арналған тимбилдинг өтті. Іс-шараның мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасында сенімді әрі жылы қарым-қатынасты дамытуға жағдай жасау, деп хабарлайды QZ News.

Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында «Senimen Bolashaq» РҚБ, СҚО әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «AMANAT» партиясының «Болашақ» филиалы, республикалық «Қазақстанның әкелері» қозғалысы және өзге де серіктестер бар.

Қатысушыларды белсенді әкелерді марапаттау, мотивациялық баяндамалар, психологиялық тренингтер мен көңілді спорттық жарыстар күтті. Сондай-ақ, шығармашылық ұжымдар, әншілер мен спортшылар өнер көрсетті. Іс-шарада сөз сөйлеген көпбалалы әкелердің айтуынша, баланың бойындағы рух пен сенімділік ең алдымен әкенің жеке үлгісі мен белсенді қатысуы арқылы қалыптасады.

– Әке болу – тек жауапкершілік емес, сонымен бірге үлкен қуаныш. Әке жанында болғанда, онымен ойнап, қолдау көрсетіп, шабыттандырған сәтте баланың қалай өзгеретінін байқаймыз, – деді көпбалалы әке Александр Дёров.

Психологиялық бөлімді психологтар Ирина Якимова мен Тамила Мамедова жүргізді. Олар отбасыдағы эмоциялық жақындық пен балалармен дұрыс диалог құра білудің маңыздылығын атап өтті. Іс- шара соңында әкелер шапшаңдық пен ұйымшылдықты қажет ететін спорттық жарыстарда бақ сынады. Жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Shares