Петропавлда мас жүргізуші «Газельмен» аударылып, тұрғын үйдің қоршауын соқты
27 шілде күні Петропавл қаласындағы Ломоносов көшесінде, Жұмысшы кентінде жол-көлік оқиғасы орын алды: жеңіл жүк көлігі «Газель» аударылып, жеке үйдің қоршауына соғылды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 36 жастағы жүргізуші көлікті басқару кезінде рөлге ие бола алмай қалған. Алдын ала анықталғандай, ол оқиға кезінде мас күйде болған.
«Медициналық куәландыру кезінде жүргізушіден қан алынды. Алдын ала мәліметке сәйкес, жол апаты кезінде ол алкогольдік ішімдік ішкен күйде болған», – деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан. Алайда полицейлер оны тез арада тауып, оқиға орнына жеткізді. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады.