Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Пробация қызметкері Дархан Бекболатов СҚО-да отбасын өрттен құтқарып қалды

Пробация қызметкері Дархан Бекболатов СҚО-да отбасын өрттен құтқарып қалды

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша пробация қызметінің аға инспекторы Дархан Бекболатов Аққайың ауданы, Смирново ауылында өртке оранған үйден отбасын құтқарып қалды. Оқиға 9 маусым күні түнгі сағат 03:00 шамасында болған, деп хабарлайды QZ News.

Дархан Бекболатов атыс дыбыстарына ұқсас дыбыстарды естіп, сыртқа шыққан. Ауадан түтінді байқаған ол бірден түтін шыққан жаққа қарай беттейді. Сөйтсе, тұрғын үйге жапсарлас салынған монша жанып жатқан екен, жалын негізгі үйге де тарала бастаған.

Әділет капитаны дереу өрт сөндіру бөліміне қоңырау шалып, нақты мекенжайды хабарлайды. Өрт сөндірушілер жеткенше, ол үй тұрғындарын – екі баланы, олардың анасын және тағы бір адамды оятып, қауіпсіз жерге шығарады.

Сонымен қатар, Дархан Бекболатов өрт аумағын қоршап, өтіп бара жатқан адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және өрт сөндірушілер келгенге дейін жалынды көрші ғимараттарға таралмауы үшін қолда бар құралдармен тоқтатуға тырысады.

Бекболатовтың жедел әрі батыл әрекетінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ, ал өрттен келген шығын аз деңгейде қалды. Өрт сөндірушілер жалынды дер кезінде сөндірді. Өрттің шығу себебі дұрыс орнатылмаған пеш болып шықты. Құтқарылған отбасы Дарханға көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін шын жүректен алғысын білдірді.

Shares