Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО білім беру саласына “бұлтты бухгалтерия” енгізілді

СҚО білім беру саласына “бұлтты бухгалтерия” енгізілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу нәтижесінде 20 сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтап, оларды жою үшін 18 ұсыныс әзірлеген, деп хабарлайды QZ News.

Білім басқармасының басшысының айтуынша, барлық ұсыныстар орындалған. Бюджет қаражатын жымқырудың алдын алу мақсатында барлық білім беру ұйымдарында “бұлтты бухгалтерия” енгізілді, жұмыс уақыты есебінің табелін жасау процесі автоматтандырылды, 2-тарифтік мөлшерлемеден артық еңбекақы аударымын автоматты түрде шектеу жүйесі енгізілді.

«Әлеуметтік қорғау саласында да адам факторын болдырмайтын, осылайша субъективті көзқарастан туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтатын бірқатар цифрлық шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, бухгалтерлік құжаттарға қол қою кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жұмысы жүргізілді, бақылау жүйелері орнатылды, орталық деңгейде осы салаға қатысты НҚА-ға өзгерістер енгізілді», – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің хабарламасында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Бақдәулет Махмұт қатысушыларға өңір аумағында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысында анықталған, құрылыс саласындағы талдау жұмыстары нәтижесінде белгілі болған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат берді.

Shares