СҚО-да жыл басынан бері жол апатынан 11 адам мерт болды
Аймақтағы республикалық автожолдарда орын алған жол-көлік оқиғаларының алаңдатарлық статистикасына жауап ретінде СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері медицина қызметкерлерімен бірлесе отырып «Рөлдегі ұйқы» акциясын өткізді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Мақсат — жүргізушілердің шаршаған күйде көлік жүргізуінен болатын апаттардың алдын алу. Бұл жоғары жылдамдықтағы жолдардағы ең қауіпті факторлардың бірі.
«Жылдың бірінші жартыжылдығында СҚО-ның республикалық трассаларында 42 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 11 адам қаза тауып, 76 адам жарақат алды. Түнгі уақытта өткізілген акция аясында жүргізушілерге жедел жәрдем көлігіне кіріп, қан қысымын өлшеуге ұсыныс жасалды. Сонымен қатар, салқын сумен сергіп алу немесе ыстық шай ішіп демалу мүмкіндігі ұсынылды. Полицейлер мен медицина қызметкерлері еңбек және демалыс тәртібін қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Ал демалуды қажет еткен жүргізушілерді жақын маңдағы кемпингке дейін жеткізіп салды», – деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, акция барысында жүк көліктерінің және жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілерге ерекше назар аударылған.
«Жұмыс түнгі және таңғы ерте уақыттарда «Астана – Петропавл» және «Жезқазған – Петропавл» сияқты ең қозғалыс көп жолдарда жүргізілді, — деді полковник Ғабдуллин. — Аталған сағаттарда рөлде отырып ұйықтап кету қаупі аса жоғары. Сондықтан барлық жүргізушілерден өздерінің физикалық жағдайына жауапкершілікпен қарауды сұраймыз», – деді ол.