СҚО-дан мектеп оқушылары «IQanat» республикалық олимпиадасына аттанды
Петропавл теміржол вокзалында Солтүстік Қазақстан облысынан 32 оқушыдан құралған команданы «IQanat» республикалық олимпиадасына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды QZ News.
«IQanat» жобасы — еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ден астам кәсіпкер қолдайтын әлеуметтік-білім беру бастамасы.
«Жыл бойы 8-сынып оқушылары олимпиаданың екі кезеңіне қатысты. Жеңімпаздар Алматы қаласына соңғы кезеңге қатысу үшін жолға шықты. Қорытынды кезеңнің нәтижесі бойынша Қазақстанның әр өңірінен 100 үздік оқушы Бурабайдағы IQanat мектеп-интернатына оқуға қабылданады», — деді СҚО бойынша олимпиада үйлестірушісі Айсұлу Есенева.
Жеңімпаздардың қатарында негізгі пән ретінде биологияны таңдаған Карина Родина да бар.
«Биология — менің ең сүйікті пәнім. Олимпиадаға дайындық барысында маған ұстаздарым көп көмектесті: кітаптар мен материалдар беріп, бағыт-бағдар көрсетті. Мен оларды үлкен қызығушылықпен оқыдым. Басты мақсатым — IQanat мектебіне оқуға түсу», — деді Карина.
Жоба оқушыларға үлкен мүмкіндіктер ұсынады: IQanat мектеп-интернатының түлектерінің 90%-ға жуығы Қазақстан мен шетелдің үздік жоғары оқу орындарына грант негізінде түсіп жатыр. Бүгінде бағдарлама түлектері әлемнің 15 елінде білім алуда.