Петропавлда “Қамқорлық” ерте араласу орталығы ашылды
Петропавлдағы облыстық перинаталдық орталық базасында ерте араласу орталығы ашылды. Мұндағылар жыл сайын 3 жасқа дейінгі 400-ге жуық ерекше баланы қабылдай алады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Бұл – еліміздегі осындай 16-шы орталық. Ал “Самұрық-Қазына” қорының қолдауымен Қазақстан бойынша ашылып отырған 36-шы оңалту орталығы болып саналады. Сонымен қатар, пайдалы жобаға “Қазақстан халқына” қоры да өз үлесін қосты.
“”Самұрық-Қазына” қоры 2020 жылдан бастап ерекше балаларға арналған оңалту орталықтарын ашумен айналысады. Үш жыл ішінде Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамыту шеңберінде біз 15 оңалту орталығын, 16 ерте араласу орталығын және аутизмі бар балаларға арналған 5 орталықты іске қостық. Бүгінде бүкіл ел бойынша 40 мыңға жуық бала оңалтудан өтті. Оның 3070-і алғашқы қадамдарын жасады, ал 4162 сәби алғаш рет сөйледі”, – деп атап өтті “Samruk-Kazyna Trust” қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 2300-ден астам бала тұрады.
“Бұған дейін оңалту көмегі 3 стационарда және 2 ұйымда амбулаториялық жағдайда көрсетілген болатын. Енді қажетті көмек жаңа ерте араласу орталығында көрсетіледі. Айта кету керек, қазіргі заманғы оңалту орталығы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының базасында, Чкалов амбулаториясының базасында пайда болады”, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Қүсемісов.
Ерекше балаларға арналған жаңа орталықта невропатологтар, реабилитологтар, ЕДШ нұсқаушылары, психологтар, логопедтер мен кәсіптік терапевтер тобы жұмыс істейтін болады. Олар балалармен АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей елдерінің және отандық жоғары деңгейдегі заманауи медициналық және диагностикалық жабдықтардың көмегімен жұмыс істейді. Бұл – мотометрлер, вертикализаторлар, тренажерлер, “Бақа”, “Шегіртке” көпфункционалды позициялық жүйелері, “Атлант” костюмдері, батыру ваннасы, сенсорлық, шунгитті және тұзды бөлмелер, аудиометриялық модуль және ЭЭГ аппараты.
“Әр бала үшін жеке бағдарлама таңдалады. Бізде 15 кабинет, 7 маман бар, біз штатты көбейтеміз. Мұндай емдеу шамамен 14 күнге созылады. Қажет болған жағдайда қосымша оңалту курсы тағайындалады”, – деді облыстық перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжная.