Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Солтүстік Қазақстан облысында ерекше табиғи құбылыстар тіркелген

Солтүстік Қазақстан облысында ерекше табиғи құбылыстар тіркелген

Солтүстік Қазақстан облысы да басқа аймақтар сияқты кейде түсініксіз және сирек кездесетін табиғи құбылыстардың куәсі болып жатады. Аспандағы жұмбақ нысандардан бастап, ауа райының аномалияларына дейінгі бұл оқиғалар жергілікті халықтың қызығушылығын оятып, қызу талқылауға себеп болады, деп хабарлайды QZ NEWS.

Мұндай құбылыстарға қатысты қызықты жайттар мен бақылауларды Ұлы Отан соғысының ардагері, СҚО-ның Құрметті азаматы, белгілі өлкетанушы Сергей Пресняков жинап, өз еңбектерінде сипаттаған. Ол куәгерлердің естеліктеріне сүйене отырып, бірнеше қызықты оқиғаны кітаптарында келтірген.

1978 жылдың шілдесі. Долматово ауылы маңындағы жұмбақ найзағай

«Аспан шайдай ашық, күн ыстық, тыныс тарылатындай. Жеңіл жел. Біз Долматово ауылына жақын орналасқан ЗИМ зауытының демалыс орнында едік. Түсте көл жағасына барып, балық аулауға шықтық. Кенеттен белгісіз бір дыбыс естіліп, найзағай сияқты гүрілдеген үн шықты. Жарылыс толқыны бірнеше рет – шамамен 8-10 мәрте қайталанды. Долматов тұсындағы Есіл өзенінің күрт бұрылысындағы жартасты жарқабақтың арасынан қалың бұталардың арасымен қасқырлар тобы қашып шықты. Иттер ұлып, үй жануарлары мөңіреп, үркіп жатты. Кешке қарай аспанда жаңбыр бұлттары пайда болғанымен, жауын жаумады. Түнде жел басылып, орман тынышталып қалды», – деп еске алады куәгер.

1959–1960 жылдардың жазында СҚО-дағы Октябрь ауданының орталығында шар найзағайының жаппай пайда болуы тұрғындардың есінде қалған.

«Бұлтты күндердің бірінде аспаннан отты шарлар жауды. Олар егістікке, жолға, көшеге қарай домалап, өздігінен сөніп отырды. Кейбірі жарылды, бірақ өрт болған жоқ. Ешкім жарақат алмады. Жануарлар да аман қалды. Куәгерлердің айтуынша, шарлар зиянсыз секілді көрінді. Ауылда 15–20-ға жуық шар көрдік деді жұрт. Келесі жылы олар тағы да пайда болды, бірақ бұл жолы бесеуі ғана болды», – деп баяндады ауыл тұрғындары.

1954 жылдың жазында СҚО-дағы қазіргі аудан орталығы саналатын Ленинград ауылында сұр жыландардың көптеп миграциясы тіркелген.

«Маусым айында ауыл маңынан мыңдаған сұр дала жыландары (ықтимал – сұр жылан) солтүстік бағытта, тың совхоздардың алқаптарына қарай жөңкілді. Ол жақта сол уақытта дала тышқандары мен суырлар көбейген еді. Жыландармен кездесудің қаупі шамамен бір аптаға созылды. Бұл ерекше құбылыс сол кезде толық зерттелмеген күйі қалды», – деп жазған болатын 1954 жылғы 20 маусымдағы «Көкшетау правдасы» мен 22 маусымдағы «Совхозная жизнь» газеттері.

Бұл оқиғалар табиғаттың тосын сыйға толы екенін және оны терең зерттеу қажеттігін көрсетеді. Солтүстік өңірдің осындай құбылыстары тек ел аузында ғана емес, ғылыми зерттеулерге де арқау болуға тиіс.

Shares