Петропавлдағы клубтағы төбелестің жаңа деректері белгілі болды

Петропавлдағы танымал ойын-сауық орындарының бірінде болған, соңы пышақ жарақаттарына және екі қылмыстық істің қозғалуына ұласқан түнгі оқиғаның жаңа мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Белгілі болғандай, төбелеске қатысушылардың бірнешеуіне пышақ жарақатын салған күдіктінің өзі де осындай жарақат алған.
Еске салайық, клуб келушілері арасындағы жанжал 23 тамыз күні таңғы сағат 05:28 шамасында басталып, көп ұзамай суық қару қолданылған төбелеске ұласқан.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растаған болатын.
Төбелеске қатысушылардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және түнгі жанжалға қатысушылардың әрқайсысының кінә дәрежесін белгілеуге бағытталған кешенді тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
