СҚО-да мүмкіндігі шектеулі 180-ге жуық балаға жаңа жоба басталады

Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа тәсілін сынақтан өткізу жоспарлануда. Қолданыстағы үйде қызмет көрсету жүйесіне бейінді мамандардың қашықтан кеңес беру қызметі қосылмақ. Бастаманы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жобаның бастапқы кезеңіне 180-ге дейін бала қамтылмақ. Отбасылардың жобаға қатысуы ерікті болады. Қосылу үшін баланың заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.
Жобаның негізгі қағидаты – әр балаға жеке тәсіл қолдану. Әлеуметтік қызметкер мамандармен бірлесіп, нақты баланың қажеттіліктерін анықтайды. Осыдан кейін оған жеке сүйемелдеу бағыты әзірленеді. Қажет болған жағдайда жұмысқа логопед, психолог, дене медицинасы және оңалту дәрігері, реабилитолог, әлеуметтік оңалту маманы және басқа да кәсіби мамандар тартылады.
Жаңа формат әсіресе шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін маңызды болуы мүмкін. Өйткені тар бейінді маманның кеңесін алу үшін аудандық немесе облыстық орталыққа баруға тура келеді. Ал қашықтан байланыс арқылы қажетті көмектің бір бөлігін тұрғылықты жерден алуға мүмкіндік туады.
Отбасылармен байланыс орнату үшін «FSM Social» цифрлық платформасы пайдаланылады. Оның көмегімен мамандар кеңес беріп, жеке тапсырмалар мен ұсынымдар жолдайды, ата-аналардан кері байланыс алып, сүйемелдеу барысының динамикасын бақылай алады.
Бұл ретте қашықтан көрсетілетін қызметтер үй жағдайында ұсынылып отырған арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемін қысқартпайды және олардың орнын баспайды. Керісінше, бұл – бейінді мамандарды жұмысқа жиірек тартуға және отбасылардың олармен байланысын жеңілдетуге мүмкіндік беретін қосымша құрал.
Дайындық жұмыстары мен жеке сүйемелдеу бағыттарын әзірлеу қыркүйек айында басталады. Жобаны негізгі іске асыру кезеңі 2026 жылғы қазаннан 2027 жылғы сәуірге дейінгі аралықты қамтиды.
Әдістемелік сүйемелдеуді Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығы жүзеге асырады. Оның мамандары әлеуметтік қызметкерлерді даярлауға, бейінді сарапшыларды жобаға тартуға, күрделі жағдайларды талдауға және көрсетілетін көмектің сапасын бағалауға қатысады. Ал цифрлық платформаның техникалық жұмысын Еңбек ресурстарын дамыту орталығы қамтамасыз етеді.
Жоба аяқталғаннан кейін министрлік оның нәтижелерін талдауды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, қашықтан қызмет көрсету форматының отбасылардың мамандарға қолжетімділігін қаншалықты арттырғаны, сүйемелдеу нәтижелеріне әсері және оның балалар мен заңды өкілдер үшін қаншалықты ыңғайлы болғаны бағаланады.
Жоба барысында алынған деректер үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін одан әрі жетілдіруге және әлеуметтік қорғау саласына цифрлық құралдарды енгізуге пайдаланылмақ.
