Тайынша ауданының аграршылары картоп жинауда жасанды интеллект пен заманауи техниканы қолдануда

Тайынша ауданындағы «Астық-STEM» ЖШС-де егін жинау науқаны бірнеше бағыт бойынша қатар жүргізіліп жатыр. Шаруашылық 20 мың гектарға жуық алқапты өңдеп, 15 түрлі ауыл шаруашылығы дақылын өсіреді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Мұнда бидай алқаптарындағы жұмыс аяқталған. Шаруашылық мамандарының айтуынша, жиналған астықтың шамамен 90 пайызы үшінші класқа жатады. Енді техника картоп алқаптарына бағытталған.
Шаруашылықта заманауи техникаға басымдық берілген. 2022 жылы мұнда құны 600 мың доллардан асатын картоп жинайтын комбайн сатып алынған. Мұндай техникалар әзірге облыста санаулы шаруашылықта ғана бар. Солардың бірін механизатор Петр Соколовский басқарады. Ауыл шаруашылығы саласында жиырма жылға жуық еңбек етіп келе жатқан маман заманауи техниканың жұмысты едәуір жеңілдететінін айтады.
«Кабинасының іші өте ыңғайлы, басқару да жеңіл. Қажетті параметрлерді машинаның өзі көрсетеді. Сондықтан жұмыс істеу әлдеқайда оңай. Кабинаның іші де тыныш», – дейді Петр Соколовский.
Машина-трактор паркін жаңартумен қатар, «Астық-STEM» ЖШС-де цифрлық шешімдер де енгізілуде. Атап айтқанда, техниканың бір бөлігі жасанды интеллект элементтері бар жүйелермен жабдықталған. Олар алқаптың тыңайтқышты қосымша енгізуді қажет ететін учаскелерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдалануға жол ашады.
Шаруашылық мемлекеттік қолдау тетіктерін де пайдаланады. «Кең дала-2» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында кәсіпорын тыңайтқыштарды субсидияланған шарттармен сатып алған. Жалпы көлемі 20-дан астам вагон тыңайтқыш жеткізілген.
«Астық-STEM» ЖШС құрылтайшысы Сергей Звольский мемлекеттік қолдау өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Биыл Үкіметке алғысымызды білдіреміз. Шамамен жеті вагон аммофос, алты вагон селитра-суперфосфат алдық. Тіпті Франциядан бір вагон тыңайтқыш жеткіздік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында негізгі тыңайтқыш түрлерінің құнының небәрі 40 пайызын төледік. Бұл – біз үшін үлкен көмек», – дейді Сергей Звольский.
Оның айтуынша, кәсіпорын шығындарының бір бөлігін өз айналым қаражаты есебінен өтейді. Сонымен қатар биыл шаруашылық несие серіктестігі арқылы 86 млн теңге қаржы тартқан.
Картоп жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Даладан жиналған түйнектер қабылдау орнына жеткізіліп, онда сұрыпталып, сақтауға жіберіледі. Кәсіпорында көкөністерді қабылдау бірден екі желі бойынша ұйымдастырылған. Бұл жиналған өнімді өңдеу жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді.
