Айжан Колчинаның «AQ QAIYN» бренді еліміздің сән алаңдарын бағындыруда

Qyzyljar Creative Center резиденті Айжан Колчина мен оның «AQ QAIYN» бренді республикалық деңгейдегі танымалдылығын арттырып келеді. Солтүстік Қазақстан облысының дизайнері 5–6 қыркүйек күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен ауқымды Almaty Pop Up Store фестиваліне қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Екі күнге созылған іс-шара сән, дизайн, гастрономия және кәсіпкерлікті бір арнаға тоғыстырды. Алаңда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 50-ден астам бренд өз топтамаларын, аксессуарлары мен авторлық жобаларын ұсынды. Солтүстікқазақстандық дизайнердің авторлық жұмыстары қатысушылар арасында ерекше көзге түсіп, оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтарының жоғары қызығушылығын тудырды.
Фестиваль барысында «AQ QAIYN» бренді «ARGYMAQ QABANBAY» киім бутигінің кеңістігінде орналасты.
«Almaty Pop-up Store көрмесі жылына бірнеше рет өткізіледі. Іс-шараның қалай өткеніне өте қуаныштымын, сауда да жақсы болды. Алматы – менің аудиториям екенін түсіндім. Мұнда жарқын әрі ерекше дизайнды бағалайтындар көп екен. Кіргендердің барлығы дерлік шын ықыласпен қызығушылық танытты. Адамдар жақындап, бұйымдарды ұстап көріп, тамашалап, киіп көруге асықты. Бұл мен үшін өте жағымды әрі шабыттандырады», – деді дизайнер Айжан Колчина.
Алматыдағы сән алаңына шығу – брендтің республикалық деңгейдегі жетістігінің жалғасы. Биыл шілде айында Айжан Колчина Astana Pop Up Store фестиваліне қатысып, «AQ QAIYN» бренді «ARGYMAQ Select» байқауында жеңімпаз атанған болатын. Дизайнер ұсынған дәстүрлі қазақ шапанының заманауи үлгісі ашық дауыс беру қорытындысы бойынша үздік деп танылды.
Байқаудың басты жүлдесі – Алматыдағы «ARGYMAQ» концептуалды бутигінде үш ай бойы тегін орналастыру мүмкіндігі. Бұл солтүстікқазақстандық брендке өз өнімдерін кеңінен танытып, жаңа аудиториямен жұмыс істеуге тың мүмкіндіктер ашты.
