Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО Мемлекеттік кірістер департаменті 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыру мерзімінің аяқталатынын еске салды

СҚО Мемлекеттік кірістер департаменті 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыру мерзімінің аяқталатынын еске салды

September 14, 2026 14:12

2025 жылға арналған 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру мерзімі туралы СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Олег Гаврик айтып берді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге декларацияны белгіленген мерзімде тапсыру қажеттігін еске салады. Декларацияны тапсыру мерзімі 2026 жылғы 15 қыркүйекте аяқталады.

Кірістер мен мүлік туралы декларацияны мына санаттағы жеке тұлғалар тапсыруға міндетті:

– мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары;
– заңды тұлғадағы үлесі 10 пайыздан асатын заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары;
– декларациялауға жататын дербес табыс алған жеке тұлғалар;
– 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша шетелдік банктердегі шоттарында жалпы сомасы 1000 еселенген АЕК-тен асатын қаражаты бар жеке тұлғалар;
– 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша шет мемлекетте меншігінде жылжымайтын немесе басқа да мүлігі бар жеке тұлғалар;
– 2025 жылы құны 20 000 еселенген АЕК-тен асатын мүлік сатып алған жеке тұлғалар;
– цифрлық активтері бар тұлғалар.

«2026 жылғы 11 қыркүйектегі жағдай бойынша 2025 жылға арналған кірістер мен мүлік туралы декларацияны 6,2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен олардың жұбайы, 7,9 мыңнан астам ЖШС басшысы мен құрылтайшысы және олардың жұбайлары, сондай-ақ құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік сатып алған 23 жеке тұлға тапсырды. Салық төлеушілердің назарын аударғым келеді: салық заңнамасының талаптарын уақтылы орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», – деді Олег Гаврик.

Оның айтуынша, декларация тапсыруға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар Петропавл қаласындағы 33-11-05 телефонына немесе 1414 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады.

Shares