Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО-ға Германиядан 165 голштин сиыры жеткізілді

СҚО-ға Германиядан 165 голштин сиыры жеткізілді

September 14, 2026 12:33

Солтүстік Қазақстан облысына «Агробизнес – мал шаруашылығы» бағдарламасының «Береке» бағыты аясында сатып алынған асыл тұқымды малдың алғашқы партиясы жеткізілді. Өңірге Германиядан 165 голштин сиыры әкелінді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Малды «СК-Агро» агроқұрылымы қабылдап алды. Жалпы шаруашылық 660 бас ірі қара сатып алады. Асыл тұқымды мал алуға 1,4 млрд теңге көлемінде несие бөлінген. Қалған мал қазан айының соңына дейін шаруашылыққа жеткізіледі.

Импорттық малды әкелу – облыста мал шаруашылығын қолдаудың жаңа бағдарламасын іске асырудың алғашқы нақты нәтижелерінің бірі. Бағдарламаның мақсаты – қолжетімді несие қаржыландыру арқылы шаруашылықтарға асыл тұқымды мал басын жаңартып, көбейтуге мүмкіндік беру.

Шілде айында «Солтүстік» ӘКК» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арасында «Игілік» және «Береке» бағыттары бойынша кредиттік желі ашу туралы келісім жасалды. Механизм аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру мүмкіндігі де қарастырылған.

Солтүстік Қазақстан облысына импорттық асыл тұқымды мал сатып алуға 15 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат шаруашылықтарға мал басын көбейтіп, оның асыл тұқымдық және өндірістік көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді.

Германиядан жолға шыққан алғашқы 165 голштин сиыры Солтүстік Қазақстандағы шаруашылыққа аман-есен жетті. Алдағы апталарда «СК-Агро» табыны тағы да толықтырылады. Қазан айының соңына дейін өңірге тағы 495 бас ірі қара жеткізілуі тиіс.

Shares