Явленка аудандық ауруханасы мен «Панацея» орталығы «Медициналық көмектің үздігі – 2026» байқауында жеңімпаз атанды

Қазақстанда «Медициналық көмектің үздігі – 2026» байқауының жеңімпаздары анықталды. Еліміздің әр облысында денсаулық сақтау ұйымдары арасынан екі үздік мекеме таңдалды. Биылғы байқау «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның 10 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін байқау тек алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар арасында өткізілген. Биыл оның ауқымы кеңейтіліп, сайыс екі бағыт бойынша ұйымдастырылды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының мәліметінше, жеңіс үшін 44 медициналық қызмет көрсетуші ұйым бақ сынады. Оның 26-сы алғашқы медициналық-санитарлық, консультативтік-диагностикалық және шұғыл медициналық көмек көрсетсе, 18 ұйым стационарлық және стационарды алмастыратын көмек саласында қызмет етеді.
«Жеңімпаздар екі бағыт бойынша анықталды. Медициналық ұйымдардың жұмысы 6 көрсеткіш негізінде бағаланды. Олар – қаржылық тұрақтылық, ақпараттық жұмыс, келіп түскен шағымдармен жұмыс, пациенттерді қолдау қызметінің көрсеткіштері, қаржылық сауаттылық және Qalqan жүйесіне қатысу. Барлық индикатор бойынша ұпай беріліп, үздік ұйымдар анықталды», – дейді филиал директоры Айнагүл Дәулетчина.
Он жыл ішінде қор медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді бақылау бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеді. «Медициналық көмектің үздігі» байқауының мақсаты – денсаулық сақтау субъектілерінің дамуына ынталандыру, озық тәжірибелерді анықтау және кәсіби көшбасшыларды қолдау.
«Алғашқы медициналық-санитарлық, консультативтік-диагностикалық және шұғыл медициналық көмек көрсететін қызмет жеткізушілер арасында жеңімпаз – «Явленка аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК. Ал екінші санат бойынша, яғни стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін ұйымдар арасында «Панацея» Отбасылық медицина орталығы» ЖШС жеңімпаз атанды», – деді Айнагүл Дәулетчина.
Жеңімпаздарға арнайы естелік кубоктар табысталған салтанатты шара көпбейінді облыстық ауруханада өтті. Байқау өңір тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің жоғары стандарттарын қамтамасыз етіп отырған ұйымдарды ынталандыруға бағытталған.
