Рейхан Айтуарованың «Көрінбейтін із» көрмесі «Ботай» арт-галереясында ашылды

Петропавлдағы «Ботай» арт-галереясында суретші Рейхан Айтуарованың «Көрінбейтін із» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл – қылқалам шеберінің бесінші жеке экспозициясы, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Суретші үшін Солтүстік Қазақстан жерінің маңызы ерекше. Дәл осы өңірде оның Ботай мәдениетіне арналған алғашқы көркемдік симпозиумы өткен. Сол кезде жинақтаған тәжірибесі кейін шығармашылығынан көрініс тапты. Ал алғашқы туындыларының бірі – «Келісім» картинасын суретші музей қорына тапсырған.
Экспозицияға тарих, ұлттық образдар мен адам тағдыры символдар арқылы көрініс тапқан туындылар топтастырылған. Көрмеде концептуалды портреттер топтамасы ерекше көзге түседі. Рейхан Айтуарова кейіпкердің өзін ғана емес, оның өмірбаянындағы маңызды кезеңдерді де бейнелейді. Оларды композицияның әрбір деталіне жасырын мағына ретінде енгізген.

Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының портретінде оның қызметіне қатысты бейнелер, «Алаш» газетінің алғашқы жарық көрген күні және кішкентай маса бейнеленген. Бұл – ағартушының өзін ұйқыдағы халықты «оятуы тиіс» жәндікке теңеген сөзіне сілтеме. Кейіпкердің басындағы шаңырақ – үйдің, күннің, ғарышпен байланыстың және қорғаныштың символы.
Міржақып Дулатұлына арналған туынды да ерекше қызығушылық тудырады. Картинада оның өмірінің сан қыры – саяси қызметі, ашаршылық кезінде халыққа көрсеткен көмегі, түрмедегі кезеңі, дәрігерлік қызметі және отбасылық байланыстары көрініс тапқан. Осылайша портрет адам тағдыры туралы өзіндік көркем әңгімеге айналған.
Рейхан Айтуарованың шығармашылық тілінде экспрессионизм, сюрреализм және символизм бағыттары тоғысады. Сонымен қатар суретші өзін бір ғана техникамен шектемейді. Әр туындының орындалу тәсілі оның идеясы мен мазмұнына қарай таңдалады.

Көрмеде тарихи оқиғаларға емес, қоршаған ортаның сұлулығына, адамның ішкі сезімдеріне және әйел бейнесіне арналған шығармалар да бар. Сондықтан «Көрінбейтін із» бір ғана тақырыппен шектелмейді. Бұл – жады, адам, мәдениет және сыртқы бейненің ар жағындағы терең мағынаны көруге талпыныс туралы экспозиция.
Кейбір туындылардың дүниеге келу тарихы да қызық. Бір картинаны суретші төрт жылдан бері салып келеді. Себебі ол әлі де шығармаға лайық көркемдік шешім іздеуде. Ал көлемді «Ахалтеке жылқылары. Ахалтекелік оазистен тыс шабыт» туындысы автордың түсінен кейін дүниеге келген. Түсінде болашақ композиция оған дайын күйінде көрінген.
Қазіргі экспозицияда Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы шығармалар да ұсынылған. Бұл екі өңірлік музейдің ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асып отыр.
«Көрінбейтін із» көрерменді картиналарға жай ғана көз жүгіртіп өтпей, олардың алдында аялдап, жасырын мағыналарды іздеуге шақырады. Мұнда тарих – бейнеге, символ – әңгіме бөлшегіне, ал портрет – уақыт пен адам туралы сыр шертудің тәсіліне айналған.
