Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СЭС қызметкерлерінің кәсіби мерекесі: Нұржамал Исмағұлова- мамандығына адал жан

СЭС қызметкерлерінің кәсіби мерекесі: Нұржамал Исмағұлова- мамандығына адал жан

September 15, 2026 18:24

15 қыркүйекте аталып өтетін санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейтін, алайда адам қауіпсіздігі мен денсаулығына тікелей қатысты мамандар туралы айтуға тағы бір себеп. Осы салаға 34 жылдан астам уақытын Есіл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, жоспарлау және қызметті талдау бөлімінің бас маманы Нұржамал Исмағұлова арнаған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Ол кәсіби еңбек жолын Петропавл медициналық училищесін «фельдшер» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін бастаған. Алғашқы жұмыс орны Явленка ауылындағы Ленин аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясы болды. Мұнда ол энтомологтың көмекшісі қызметін атқарды.

«Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтадым. Жағдайды мұқият талдауды, жедел шешім қабылдауды және жұмыстың нәтижесіне жауапкершілікпен қарауды үйрендім. Мен үшін ең маңызды қасиеттер – мұқияттылық, тәртіп, құжаттармен жұмыс істей білу және әріптестермен өзара тиімді байланыс орнату», – дейді Нұржамал Исмағұлова.

Оның кәсіби қалыптасуына тәжірибелі әріптестері мен тәлімгерлері де үлкен үлес қосты. Нұржамал Исмағұлованың айтуынша, олардың талапшылдығы, жұмысқа жауапкершілікпен қарауы және кәсіби біліктілігі өзіне үлгі болған.

Маманның көп жылғы адал еңбегі бірқатар марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Кәсіби жетістіктерінің қатарында 2021 жылы табысталған «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі бар. Сонымен қатар Нұржамал Исмағұлова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, департаменттің, сондай-ақ облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған.

Саланың болашағы туралы айта келе, маман санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің заман талабына сай дамып келе жатқанын атап өтті. Қызмет барысында заманауи тәсілдер мен цифрлық технологиялар қолданылып, бақылау және алдын алу әдістері жетілдірілуде. Бұл ретте негізгі міндет өзгеріссіз қалады. Ол – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету және адам денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алу.

Нұржамал Исмағұлова бұл салада еңбек жолын енді бастап келе жатқан жас мамандарға да ерекше көңіл бөледі. Ол жастарға қиындықтардан қорықпай, кәсіби білімін үнемі жетілдіріп, аға буын әріптестерінің тәжірибесін үйренуге кеңес береді.

«Мамандығыңызды жақсы көріңіздер, үнемі дамып отырыңыздар және еңбектеріңіздің адам денсаулығы мен әл-ауқаты үшін аса маңызды екенін ұмытпаңыздар», – дейді ол.

Shares