«Оңай ақша» қылмыстық іске айналуы мүмкін: СҚО полицейлері студенттерге ескерту жасады

Петропавл теміржол көлігі колледжінің студенттеріне сырт көзге зиянсыз көрінетін әрекеттердің қандай салдарға әкелуі мүмкін екені түсіндірілді. Алдын алу шарасына СҚО Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин қатысты. Кездесуге колледждің 300-ден астам бірінші және екінші курс студенті қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Полицей жастардың өз абайсыздығынан қылмыстық әрекеттерге тартылып қалуы мүмкін екеніне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, дропперлік мәселесі сөз болды. Яғни бұл – қылмыстық жолмен алынған ақшамен операциялар жүргізу үшін банк шотын немесе картасын бөгде адамдарға беру.
Жыл басынан бері Петропавл колледждерінде жеті қылмыс тіркелген. Оның екеуі бопсалауға қатысты болса, тағы екі жағдайда студенттер алаяқтарға өздерінің банк шоттарын берген. Бұл шоттар арқылы жәбірленушілердің ақшасы шығарылған.
Полиция өкілінің айтуынша, тез әрі оңай ақша табу туралы ұсыныс жас адамның ойлағанынан әлдеқайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
«Егер оңай ақша табу үшін банк картасын беруді, шот ашуды немесе оған қолжетімділікті басқа адамға беруді сұраса, мұндай ұсыныстарға келіспеу керек. Бұл әрекеттер қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналып, соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін», – деп ескертті Әлібек Ғабдуллин.
Кездесу барысында жастар арасында жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік мәселесі де айтылды. Полицей 2024 жылдан бастап ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық құқық бұзушылыққа жататынын еске салды.
Сондықтан жанжалдың төбелеске ұласуы тәртіптік жауапкершілікпен ғана шектелмей, қылмыстық-құқықтық салдарға да әкелуі мүмкін.
