СҚО-да 12 мыңға жуық науқас диспансерлік есепте тұр: өңірдегі онкологиялық аурулардың ахуалы қандай

Солтүстік Қазақстан облысында онкологиялық ауруға шалдыққандар саны артып келеді. Дәрігерлерді әсіресе өкпе және ұйқы безі қатерлі ісігінің көбеюі алаңдатады. Өйткені бұл аурулар көп жағдайда емдеу мүмкіндігі шектелетін кеш сатыларда анықталады. Өңірдегі жағдай, қауіп факторлары мен диагностиканың жаңа әдістері туралы облыстық онкологиялық орталық мамандары баспасөз мәслихатында баяндады. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша онкологиялық ауруға шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 296,1 жағдайды құрады. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 266,1 болған. Өлім-жітім деңгейі де 80,6-дан 87,9-ға дейін өскен. Мұндай деректерді онкологиялық орталықтың басшысы Жігер Дүйсенов келтірді.
Оның айтуынша, дәрігерлердің басты міндеті – науқастарды емдеп қана қоймай, қатерлі ісікті мүмкіндігінше ерте анықтау. Себебі емдеу нәтижесі көбіне осыған байланысты.
«Біз күн сайын түрлі жағдайларға куә боламыз. Бір науқастар ауруын тексерілу кезінде кездейсоқ білсе, енді біреулері айқын белгілер пайда болғанда ғана дәрігерге жүгінеді. Ал бұл емдеу үшін мүлдем екі түрлі бастапқы жағдай. Сондықтан адамдар денсаулығын тексеруден қорықпаса екен дейміз», – деді Жігер Дүйсенов.
Ұйқы безінің қатерлі ісігі аса қауіпті аурулардың бірі саналады. Ол таралу жиілігі бойынша онкологиялық аурулар арасында тоғызыншы орында болса, өлім-жітім көрсеткіші бойынша бесінші орында тұр. СҚО-да жыл сайын осындай 50-ге жуық жағдай анықталады. Жылына шамамен 10 операция жасалады. Ал бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 10 пайыздан аспайды.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі Мәлік Сексенбаев аурудың негізгі қауіп факторлары ретінде екінші типтегі қант диабетін, семіздікті, аз қимылдайтын өмір салтын, темекі шегуді және созылмалы панкреатитті атады.
«Ұйқы безіне жасалатын операциялар абдоминалды хирургиядағы ең күрделі оталардың қатарына жатады. Әсіресе оның бас бөлігін алып тастау оңай емес. Бұл үлкен дайындықты және бүкіл медициналық команданың үйлесімді жұмысын талап етеді. Мұндай операциялар біздің орталықта да жасалады», – деді хирург.
Тағы бір өзекті мәселе – өкпе қатерлі ісігі. Биыл өңірде аурудың 199 жаңа жағдайы анықталған. Оның ішінде 44 науқаста дерт төртінші сатыға жеткен. Қазіргі уақытта диспансерлік есепте өкпе обырына шалдыққан 500-ге жуық адам тұр. Онколог Рашид Алиевтің айтуынша, аурудың шамамен 90 пайызында негізгі себеп – темекі шегу.
«Адам бірнеше жыл бойы темекі шегіп, ешқандай жайсыздықты сезбеуі мүмкін. Алайда шағымдардың болмауы өкпенің сау екенін білдірмейді. Темекіден бас тарту – ауру қаупін төмендетудің ең тиімді жолдарының бірі», – деп атап өтті маман.
Ал сүт безі мен тоқ ішек қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша облыс оң нәтижелер көрсетіп, республика өңірлері арасында үшінші орында тұр. 2026 жылдың қаңтар айында онкологиялық орталықта сараптамалық эндоскопия орталығы ашылды. Мұнда жоғары дәлдіктегі зерттеулер мен аз инвазивті операциялар жүргізіледі. Көпшілік қорқатын колоноскопия тексеруінен енді анестезия арқылы өтуге болады.
«Көп жағдайда адамдар жағымсыз сезімдерден қорқып, тексерілуден бас тартады. Процедураны наркозбен өткізу мүмкіндігі осындай кедергіні жеңуге көмектеседі. Ең бастысы, қорқыныш адамның дер кезінде дәрігерге қаралуына бөгет болмауы керек», – деп түсіндірді үйлестіру-консультативтік-диагностикалық бөлімшенің меңгерушісі Күлзіпа Сандыбаева.
Онколог Олег Дудяк та қатерлі ісік пен өнеркәсіптің арасында тікелей байланыс бар деген кең тараған пікірге тоқталды. Оның айтуынша, статистикалық көрсеткіштерге халықтың жас ерекшелігі де әсер етеді. Өмір сүру ұзақтығы артқан сайын онкологиялық аурулардың даму ықтималдығы да жоғарылайды.
Бүгінде облыстық онкологиялық орталықта 12 мыңға жуық науқас диспансерлік есепте тұр. Жыл бойы мұнда тұрғындар тегін тексеруден өте алатын ашық есік күндері ұйымдастырылады. Кезекті акция 21 қарашада өтеді. Ол ұйқы безі қатерлі ісігінің алдын алуға және ауруды ерте анықтауға арналады.
