СҚО-да әлеуметтік қорғау саласының үздік 37 қызметкері марапатталды

Солтүстік Қазақстан облысында күн сайын адамдарға өмірлік қиындықтарды еңсеруге көмектесіп, отбасыларға қолдау көрсететін және ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын созатын мамандар құрметке бөленді. Кәсіби мерекеге орай саладағы 37 қызметкер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
Салтанатты шара облыс әкімдігінің ғимаратында өтті. Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов құттықтады.
«Біз өзгелерге көмек көрсетуді жай ғана кәсіп емес, өмірінің маңызды бөлігіне айналдырған жандарды ұлықтап отырмыз. Сіздердің жұмыстарыңыз үлкен шыдамдылықты, жанашырлық пен жауапкершілікті талап етеді. Көрсетілген әрбір қызмет пен шешілген әрбір мәселенің артында адам тағдыры тұр. Сіздер қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетіп, олардың қамқорлық пен ертеңгі күнге деген сенімді сезінуіне көмектесесіздер. Өз ісіне адалдықтарыңыз, сабырлылықтарыңыз бен бейжай қарамайтындарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, кәсіби табыс және еңбектеріңіздің нәтижесін адамдардың бақытты жүзінен көруге тілектеспін», – деді Жүсіп Жұмағұлов.
Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік қорғау саласында 2,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мамандардың басым бөлігі азаматтарға үйде және стационарлық мекемелерде қызмет көрсетеді. Олар зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, аз қамтылған отбасыларға және ерекше қолдауды қажет ететін халықтың өзге де санаттарына көмек көрсетеді. Сонымен қатар жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және халықтың табысын арттыру бағытында да жұмыстар жүргізіледі.
Бұл мамандардың кәсіби қызметінің артында тек білім мен тәжірибе ғана емес, адамның мұң-мұқтажын тыңдай білу, жағдайын түсіну және әрқайсысына жеке көзқарас табу қабілеті де жатыр. Сондықтан бұл салада шыдамдылық, психологиялық төзімділік пен шынайы жанашырлық ерекше маңызды.
Іс-шараға сала ардагерлері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері, мемлекеттік және әлеуметтік мекемелердің, аудандық және қалалық жұмыспен қамту бөлімдерінің, мансап орталықтарының өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсету және еңбек құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін ұйымдардың мамандары қатысты.
Мерекелік шараның ерекше сәті марапаттау рәсімі болды. Бұл күні көп жылғы еңбегі, кәсібилігі және әлеуметтік саланың дамуына қосқан үлесі үшін Солтүстік Қазақстан облысының 37 маманы марапатқа ие болды.
Олардың қатарында «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» мемлекеттік медальдарының, сондай-ақ «Салаға қосқан үлесі үшін» медалінің иегерлері бар. Бұдан бөлек, 16 қызметкер Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды. Тағы 17 маман облыс әкімінің наградаларымен марапатталды.
